$ 494.87  520.65  4.91

Утильалым төмендегеннен кейін автомобиль бағасы түсе ме?

Кәдеге жарату алымын 2 есеге төмендету нарықтағы бәсекелестікті күшейтеді. Бұл туралы «СемАЗ» ЖШС директорының орынбасары Қыдыролла Жұмағұлов айтты.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Кәдеге жарату алымын 2 есеге төмендету нарықтағы бәсекелестікті күшейтеді. Бұл туралы «СемАЗ» ЖШС директорының орынбасары Қыдыролла Жұмағұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кез келген мемлекет ішкі нарығын қорғау, отандық өндірісін қолдау үшін іс-шаралар қабылдайды. Кәдеге жарату алымы қазақстандық автомобиль зауыттарының қалыптасуы барысында нақты рөлге ие болды. Бұл жол өнеркәсіпте, оның ішінде автомобиль жасауға зор жетістіктерге жеткен бірқатар елдің тәжірибесі негізінде таңдап алынған болатын.

Бастапқыда мемлекет салаға қажетті жағдай мен қолдау іс-шараларын жасап, жан-жақты көмектеседі. Содан кейін барып аталған зауыттар бәсекелестік ортада жұмыс істеуге қабілетті бола түсіп, мемлекет қорғау іс-шараларын біртіндеп төмендетеді. Утильалымды 2 есеге төмендету кәсіпорындарымыздың жұмысына әсер ететіндігі сөзсіз. Ең алдымен нарықтағы бәсекелестік күшейеді. Бұған қоса, отандық автозауыттар жинақтап үлгерген өндіріс қарқының айтарлықтай жоғары болуы да көңілге демеу.

Өздеріңіз-ақ төрелігін айтарсыздар, осыдан 3 жыл бұрын Үкімет 5 жылдың ішінде барлық үлгідегі 100 мың автомобиль құрастыру міндетін жүктеген еді. Ал, отандық автоөнеркәсіп 2021 жылды 92 мың көлік құрастырумен аяқтады. Демек, межелі цифрға аз ғана қалды. Мұның өзі карантиндегі 2 жылға қарамастан қол жеткізілген жетістік. Басқаша айтар болсақ, мемлекеттік қолдау іс-шаралары тиімділігін беріп отыр», - деді ол.

Осы ретте Қыдыролла Жұмағұлов «СемАЗ» зауытын мысалға келтірді.

«Мүмкіншіліктердің ашылғанынан көргеннен кейін кәсіпорын басшылығы өндірісті кеңейту туралы шешім қабылдады. Осы мақасатта қосымша өндіріс алаңы сатып алынды. Қолданыстағы 17 мың шаршы метрге қосымша тағы 30 мың шаршы метр алдық. Бұл алаңда локализацияны тереңдетуге мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтарды орнату жоспарланған.

Қазақстан Үкіметі атынан Индустрия және инфрақүрылымдық даму министрлігі жылда бізге қазақстандық қамтуды тереңдетуге қатысты барынша жоғары талап қойып келеді. Осы мақсатта зауыт министрлікпен өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасап, онда аталған шарттың бәрі бекітілген. Біз үшін локализация тек қана қажеттілік емес, сонымен бірге тиімділік екендігін бірнеше мәрте мәлімдедік. Бұл ең алдымен өніміміздің өзіндік құнын төмендетеді», - деді зауыт директорының орынбасары.

Сонымен қатар ол кадр мәселесіне де жеке тоқталып өтті.

«Қазіргі өндірістің талабына орай жыл сайын өңіріміздегі оқу орындарына талапты күшейтіп келеміз. Зауытқа біліктілігі жоғары жұмысшылардың келуі өте маңызды. Саламызды дамыту мультипликативті әсер береді. Зауыттарымызды кезең-кезеңмен дамытудың арқасында аралас өзге де салалар дами түседі. Ал бұл жаңа жұмыс орны, бюджетке салық деген сөз», - деді ол.

Зауыт директорының орынбасары кәдеге жарату алымы төмендегеннен кейінгі көлік бағасына қатысты ойымен де бөлісті.

«Утильалым төмендегеннен кейін автомобиль бағасы түсе ме?» деп жиі сұрайды. Меніңше, баға сәл ғана төмен түсуі мүмкін. Өйткені, бағаның қалыптасуына түрлі фактор әсер етеді және утильалым мөлшері бұл ретте негізгі емес. Біз өніміміздің құнына кәдеге жарату алымы қосылмайтындығын айтып келеміз.

Автоөндірісті ынталандыру бағдарламасы утильалымды өтеуге мүмкіндік берді. Ал импорт арқылы елімізге келетін автомобильдер сәл арзандайтын шығар. Қаншаға? Бұл импортаушыларға қойылатын сауал», - деді Қыдыролла Жұмағұлов.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары