Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр утильалым 50 пайызға төмендетілетінін айтқан болатын. Біраз жылдан бері халықтың наразылығын тудырып, шешімін таппай келе жатқан мәселеге де нүкте қойылғандай болды. Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың бұл шешімі халықтың көңілінен шыққанын айтқан белгілі автожурналист Олжас Оқас өз ойын білдірді.
«Үкіметтің утильалым мөлшерін екі есеге азайтқаны – орынды шешім. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша утильалым елу пайызға төмендеді, бұл халыққа сәл пайдасын тигізеді, енді халықта таңдау бар. Арзан етіп утильалым төлеп, Ресейден көлік әкелуге мүмкіндік бар. Неге Ресейден? Өйткені Ресеймен бірге Еуразиялық экономикалық одақта болғандықтан, осы елден жылы жаңасынан көлік сатып алсаң, тек қана утильалым төлейсің. Енді оның сомасы елу пайызға төмендеді. Сондықтан ыңғайлы. Шетелден көлік әкелу әлі де арзан емес. Ол қозғалтқыштың көлеміне, автокөліктің шықан жылына, қандай стандартқа сай соған байланысты. Ең бастысы жеңілдік жасалды, енді шетелден әкелуге мүмкіндік бар», - деді Олжас Оқас Skifnews.kz ақпарат порталына берген сұхбатында.
Сарапшының пікірінше, утильалым мөлшерінің төмендеуі экономикаға еш әсерін тигізбейді. «Экономикаға қатты әсер ете қоймайды. Егер утильалымды мүлдем алып тастасақ, қатты әсер ететін еді. Өйткені біз Ресейдің автопаркін жаңартып, ақшамызды сол көршілес мемлекетке апарып беретін едік. 2014 жылы тура солай болған. Рубль құлдыраған кезде, теңгеге шаққандағы арақатынасы екі жарым теңгеге дейін болды. Сол кезде біз бүкіл Ресейдің тауарын Қазақстанға алып келдік те, орыстарды байыттық және олардың экономикасын күшейтуге көмектестік. Қазір ДХР мен ЛХР-дағы жағдайларға байланысты рубль қайтадан құлдырайды, артынша сол баға көрсеткіші қайталануы мүмкін. Егер утильалымды мүлдем алып тастаса, біздің халық қазіргі жағдайда қайтадан Ресейге баруға дайын. Оның кері әсері болады, әрине, ақшамыз шетелге кетеді, долларымыз шетелге кетеді. Ал қазіргі жағдайда халықта таңдау бар: отандық көлікті немесе утильалымы төмендеген шетелдік көлікті әкелу. Ең бастысы халықта таңдау еркіндігі бар», - деді сарапшы.
Сондай-ақ автожурналист отандық автосалондардағы көлік тапшылы мәселесіне де тоқталып өті. Оның айтуынша, бұған сырттан келетін қосалқы бөлшектердің аздығы себеп болып отыр.
«Автосалондарда көліктің жоқтығы автокомплектация тапшылығанан, утильалым мәселесі бойынша нақтылықтың жоқтығынан болды. Бүгін ғана утильалым мөлшері елу пайызға төмендейді деп шешілді. Оған дейін жағдай түсініксіз күйде қалды: қымбаттай ма, арзандай ма, жоқ бола ма белгісіз болды. Диллерлер, дистрибьютерлер ешқандай ақпарат алмағандықтан, олар Қазақстанға тиісінше комплектілер әкелген жоқ. Одан бөлек ғаламдық проблемалар, микрочиптер, жартылай өткізгіштер жетіспей жатыр. Кореядан, Жапониядан импорттық машиналар Қазақстанға келмей жатыр. Мәселен «Lexus LX 600» деген модель бар, биыл жүз данасы келеді деген, солар келуі мүмкін, одан кейін сатылатын машиналарға төрт жылдық кезек тұр. Әлемде қазір қиын проблема болып жатыр»,- деп атап өтті Олжас Оқас.
Сарапшы көпшіліктің көкейінде жүрген «Енді көлік бағасы арзандай ма?» деген сұраққа да өз жауабын берді.
«Бір құпияны ашайын, Қазақстанда ешқашан көлік арзандамайды. Оған теңгенің құнсыздануы және әлемдік нарықта көліктің қымбаттауы себеп болып отыр. Бізде 25-30 мың доллар тұратын көлік шетелде де 25-30 мың доллар тұрады. Баға доллармен есептеледі, теңге 450-500-ге кетіп бара жатыр. Сондықтан бізге бәрі қымбат болып көрінеді. Қарапайым мысал келтіріп айтар болсам, соңғы үлгідегі «Iphone» маркалы телефон сатып алғыңыз келеді. Бірақ оның бағасы сегіз жүз мың, оны ала алмайсың. Ал шетелдік азаматтар үшін ол – бір апталық табыс, небәрі мың жарым доллар. Көліктің бағасына қатысты жағдай да дәл солай», - деді автоблогер.
Сарапшы атап өткендей, президенттің аузынан шыққан сөзді сан-саққа жүгіртіп, утильалымды мүлдем алып тастау керек деген ұранды алға тартып жүргендер де жоқ емес.
«Халық терең зерттемейді. Мүлдем барлық алымдарды алып тасаңдар деген ұранды популизм деп білемін, реалист олай ойламайды. Көлікті утильге тапсырамыз, бірақ артынша оған ваучер сұраймыз, ол ауыл шаруашылығы техникасы болсын немесе жеңіл автокөлік болсын, яғни ақша сұраймыз, ол ақшаны мемлекет утильалымнан жиналатын қор болмаса қайдан алады? 2014 жылы рубль құлаған кезде Ресейдің экономикасын Қазақстан құтқарып қалды, бүкіл тауарларды, ескі көліктерді 2014-215 арасында алып шықтық тура сол оқиға қайталанатын еді. Ішкі өнімімізді дамыту керек. Ештеңе өндірмесек, ішкі жалпы өнім жасалмайды. Ал ЖІӨ-сіз болашағымыз бұлыңғыр. Экономиканы да ойлап қою керек қой. Тіпті SKD технологиясы бойынша құрастырылатын көліктен отыз пайыз маржа қазақтікі, ол біздің бюджетке кетеді.
Утильалым шетелде 100-200 доллар, өйткені онда тек қана утильалым мөлшері деп жазылады. Қосымша акциз, қосымша салықтарды ешкім ескермейді. Жалпы утилизациялық алым сияқты тетік әр елде әртүрлі аталады. Біздің елде ғана оның атауы утильалым. Басқа елдереде қосымша құн салығы арқылы, кедендік баж арқылы реттеледі. Мысалы Жапонияда «паркинг» талабы бар. Ол да утильалым сияқты тетік. Паркингің болмаса, көлік иеленуге құқығың жоқ. Өйткені мемлекеттің аумағы кішкентай, орын жоқ деген сияқты. Ал бізде барлық жағдай жасалған. Көлік сатып алуға кедергі жоқ, кез-келген азамат шетелден көлік әкеле алады, тек қана салығын, акцизін, ҚҚС (қосымша құн салығы) төлесең болды», - деп ойын түйіндеді Олжас Оқас.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.