Экономист Сапарбай Жобаев рубльдің ізімен теңге де неліктен құлдырайтынын түсіндіріп берді, Ulysmedia.kz порталы.
«Біріншіден, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекет болғандықтан, мемлекеттің ең үлкен экспорттық-импорттық операциялары Ресеймен байланысты. Екіншіден, бізге келетін импорттық тауарлардың көбі қондырғылар болсын, құрылыс материалдары немесе ағаш, тақта болсын – бәрін біз Ресейден аламыз. Ресей Қазақстаннан гөрі ағаш немесе метал түрлерін көп шығарады. Олардағы бидай мен мұнай бізде де бар десек те, өндіріс өнімі жағынан Ресей бәрібір алда. Химиялық керек-жарақтың бәрін біз Ресейден алып отырмыз», - дейді Сапарбай Жобаев телефон арқылы білдірген пікірінде.
Оның айтуынша, 2015 жылы Ресей Қырымды Украинадан тартып алғаннан кейін өзінің рублін еркін айналымға жіберген. Ал 2015 жылы мамыр айында Қазақстанда сайлау өтетін болды да, билік бір рубльдің бағамын 3 теңгеге дейін күшейткен. Осының салдарынан қазақстандықтар 26 млрд доллар шамасында ақшасын Ресейдің көлігі мен тауарына жұмсап, елдің капиталына зор шығын келген.
«Қазір сол қателіктерді қайталамай, біз Қазақстанның валюталық қоры Ресей экономикасына өтіп кетпеуі үшін Ресеймен теңестірілген монетарлық, ақша-несие саясатын енгіздік. Бұл үшінші себеп», - деп түйді экономист.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.