02.03.2022, 01:11

«Бұл партияға жаңа леп, жаңа модельдік үлгі келіп жатқанын көрсетеді» - Дана Нұржігіт

Фото: ашық дереккөзден
Партияның атауын өзгерту тек маңдайшаның атауын өзгерту емес.

Парламент сенатының депутаты Дана Нұржігіт онлайн форматта өткен  Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII Съезіндегі бірқатар өзгерістерге қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Оның айтуынша, партия атауын «Аманат» деп өзгерту тек маңдайшаның атауын өзгерту емес, алдағы уақытта қазақ қоғамын жүйелі жұмыстар мен үлкен өзгерістердің күтіп тұрғанын білдіреді. Ол үшін әр азамат жауапкершілікті өз қолына алуы тиіс.

«Партияның атауын өзгерту тек маңдайшаның атауын  өзгерту емес. Аманат деген - халықтың мұң-мұқтажын жеткізуші парламент, билік мүшелеріне халықтың беріп отырған жаңа атауы деп білемін. Бұл әрине партияның атауы ғана өзгеріп, партияның ішкі құрылысы, жұмысы, тұғырнамасы өзгермеуі  мүмкін емес. Атына заты сай болуы үшін партияның ішкі құрылымы, жұмысы да өзгеруі  керек. Жаңа Қазақстанды құру, Жаңа Қазақстанды алға жетелеу жұмыстарын сырттан ешкім келіп шешіп бермейді. Ол тек өзімізден қолымыздағы дүние. Бұл біздің ел. Оның құраушы күші - азаматтық қоғам. Сондықтан азаматтық белсенділікті көтеруіміз керек», - дейді сенатор.

 Сондай-ақ, сенат депутаты Дана Нұржігіт Президент Тоқаевтың аз уақыттың ішінде көп жаңалық жасап үлгергенін айтады. Соның бірі халықтың үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы мен биліктің әр сатысына қолынан іс келетін жастарды тарту мәселесі.

«Президентіміз билікке жастар келуі тиіс екенін үнемі айтып жатады. Соның бір дәлелі ретінде Мәжіліс құрамына Саясат Нұрбек секілді жастардың келуі дер едім. Біз әрине халық ішінен келген шағым арыздарды, ұсыныстарды сараптау үшін бүгінгі күннің технологиясын қолдануымыз керек.Бұл дегеніміз big data-ға салуымыз керек. Әрбір шағым далада қалмауы керек. Әрбір халықтыңайтылған сөзін сараптап, сұрыптап, орын орнына қою бүгінгі заманға сай технологиямен жүргізілуі керек. Осы тұрғыдан осы саланың мықты маманы Саясат Нұрбектің партия құрамына келгені ,жаңа заманның бәйгесіне түскені өте дұрыс деп есептеймін.Саясат Нұрбектің жасап отырған өзінің азаматтық шешімі  көпке үлгі. Ол өте ақылды, білімді, дарынды жас. Партияға жаңа леп,жаңа модельдік үлгі келді»,-деді сенат депутаты Дана Нұржігіт.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.