Желіде жарылыстан кейін қирап қалған дүкендердің бірінің суреті жарияланды. Ең қызығы, ол жерден ештеңе ұрланбаған.
«Киевтегі дүкендердің бірі. Жарылыстан кейін ол жерде есіктер бұзылып, ашық қалған. Адамдар керектісін алып, ақшасын сонда қалдырған. Осыдан кейін Алматыны еске алып, ұяласың» деп жазды журналист Бақтияр Хамит.
Қазақстандық қолданушылар украин халқының бұл әрекетіне тәнті болды.
«Қандай тамаша, саналы халық. Алла разы болсын оларға, президенттеріне. Осы жерден олардың ақылдылығын көруге болады». «Біз Украинаны әртүрлі қырынан танимыз. Халық, президент, олардың адалдығы, мақтанышы. Олар адамгершілігі мол, шыншыл халық ретінде ел есінде қалады». «Біздің адамдар Киевте болса, бар ақшаны өзіме қалдырар едім деп ойлайтын шығар» делінген фотоға жазылған пікірлерде.Украинаның ішкі істер министрлігінің кеңесшісі Антон Геращенкоға сілтеме жасаған ТСН телеарнасы Украинаның ешбір қаласында тонау фактілері болмағанын хабарлады.
Еске салсақ, Қазақстанды қаңтардың басында жанар-жағармай бағасының қымбаттауына байланысты наразылықтар шарпыған болатын, ол жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Алматыда қаңтар айындағы тәртіпсіздіктер салдарынан тонау мен ұрлық бойынша 1,5 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалды. Еліміздің полицейлері ұрланған 288 млн теңгенің мүлкін әшкерелеп, тәркіледі.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.