Жамбыл облысындағы шекара заставасынан жас сарбаз жоғалып кетті. 19 жастағы Ұлықбек Бердішовты екі күннен бері әскерилер мен оның туыстары жер-көктен іздеп таппай жатыр.
Бас киімін қалдырып кеткен жас жауынгер ақпанның екісі күні күндізгі екілер шамасында ат қораны тазалауға шыққан екен. Кейін сарбаздар сапқа шақырылғанда арасында Ұлықбек жоқ болған. Дереу дабыл қағылып, оның туыстарына да хабар айтылған. Қазір жақын маңдағы ауылдар мен шаруа қожалықтары түгел тексеріліп жатыр. Бірақ әзірге нәтиже жоқ.
Ұлықбек Бердішов Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы. Ол Меркідегі шекара заставасына 6 ай бұрын әскери борышын өтеуге келген. Жұмбақ жағдайда жоғалған сарбаздың туыстары Ұлықбектің осы уақыт аралығында бірде-бір шағым айтпағанын мәлімдеді. Ешкімге зияны жоқ азаматтың еш хабарсыз кетуі анасын да алаңдатып отыр. Ал, әскери бөлім басшылығы бұған қатысты ақпаратты кейін беретінін айтты.
Сіздерден өтінерім, баламды көрген-білгендер болса, хабар беріңіздерші. Өтініп сұраймын. Көп балалы анамын. Үлкен ұлым еді, тұла бойым тұңғышым. Ол қашатын бала емес, өте жуас, тұйық бала өзі, - Ұ.Бердішовтың анасы Орынкүл Мерекова.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.