05.03.2022, 15:20

Вице-премьер кинолардың қазақ тіліндегі аудармасын сынға алды

Фото: ашық дереккөз
Ералы Тоғжанов кинолардың қазақ тіліндегі аудармаларын сынға алып, қазақша мультфильмдердің де сапасын арттыру қажеттігін айтты.

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына қолдау көрсету және мемлекеттік тілді дамыту мәселелері жөнінде жиналыс өтті. Бұл туралы primeminister.kz  хабарлайды.

Кеңеске мүдделі мемлекеттік органдардың және жергілікті әкімдіктердің жауапты өкілдері қатысты. Жиналыста ҚР Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары Шолпан Каринова мемлекеттік тілді дамыту реформасының іске асырылу барысын баяндады. 2021 жылы «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында публицистикалық мәтіндердің 2 млн бірлігіне талдау жасалып, арнайы сайт – qazcorpora.kz сайтына орналастырылды.

2022 жылдан бастап жыл сайын сөзқолданыс санын 10 млн арттырып, 2025 жылы Қазақ тілінің ұлттық корпусындағы сөзқолданыстар санын 40 млн жеткізу жоспарланып отыр. Бақылау жүргізу туралы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 3 желтоқсандағы №580 бұйрығымен 41 (мемлекеттік орган) тексеру объектісі бекітілді, оның ішінде: 21 орталық атқарушы және 20 жергілікті атқарушы орган. Сондай-ақ 2021 жылы 180 мекеменің ресми сайтына мониторинг жүргізілді. Осы мониторингінің қорытындысы бойынша 197 ескерту хаттары жолданып, 89 мекеме түзетулер енгізді.

Вице-Премьер Е. Тоғжанов соңғы жылдары мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп жүрген азаматтар мен бастамашыл топтар қатары артып келе жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы мәселелерді шешу үшін тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, жаңа әрі көпшілікке қызықты контентті қалыптастыру үшін сапалы аудармашы мамандар пулын қалыптастыруды жүктеді. Тілді үйретуге көмектесетін, қолайлы қосымшаларды дамытудың маңыздылығын ескере отырып, ағылшын тілін үйретуге арналған қосымшаларды жан-жақты зерделеуді тапсырды.

Ералы Тоғжанов кинолардың қазақ тіліндегі аудармаларын сынға алып, қазақша мультфильмдердің де сапасын арттыру қажеттігін айтты. Мемлекет басшысының 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырманы іске асыру үшін Үкімет басшысының орынбасары Жаңа Қазақстандық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі шаралар жоспары аясында қазақ тіліндегі толықметражды 2 мультфильм, 10 мультсериал, 10 балалар теле-бағдарламасын, 20 балалар әдебиеті шығармасын, 30 сапалы аударма әзірлеу бойынша ұсыныстарды пысықтап енгізуді тапсырды.

Сонымен қатар балалар әдебиетін дамыту аясында қазақ тілінде жеңіл тілмен жазылған шығармалардың барлық балалар үшін қолжетімді болуын және мұндай шығармаларды балалар арасында кеңінен жарнамалаудың маңыздылығын жеткізді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне мемлекеттік органдарда және ұлттық компанияларда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жөніндегі ұсыныстарды, кеңестердің қазақ тілінде өтуі, құжаттардың мемлекеттік тілде дайындалуы бойынша критерийлерді енгізу жүктелді.

Бүгінгі күні «Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің 15 облыстық, 27 аудандық филиалы, 1663 бастауыш ұйымдары бар. Мемлекетік тілді дамыту аясында өңірлерде қазақ тілі қоғамының жаңа филиалдарын қайта құру қажеттілігі атап өтілді.