Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ тобының борышы 10,1 трлн теңгені немесе 23,4 млрд АҚШ доллары, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның ішінде 5,9 трлн теңге немесе 13,9 млрд доллар сыртқы қарыз екен. Бұл ұлттық компанияның жалпы қарызының 59%-ы.
Қарыздың қалған бөлігі 4,1 трлн теңге немесе 9,7 млрд доллар (41%) ішкі қарызға тиесілі. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның құрамына кіретін «ҚазМұнайГаз», ҚТЖ, «QazaqGaz», «Біріккен химиялық компания» ЖШС сынды еншілес компаниялардың қарызы жалпы берешектің 91%-ын құрайды.
«Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қор тұрақты негізде борыш жүктемесін азайтқан. 2018 жылдан бастап жалпы қарызды 21%-ға яғни, 29,8 млрд доллардан 23,4 млрд долларға дейін төмендеткен.
«Қарыз алу мониторингі шеңберінде Қор тұрақты түрде тоқсан сайын мемлекеттік органдарға бекітілген нысан бойынша берешек туралы тиісті ақпаратты жібереді. Айта кету керек, қарыздарға қосымша бақылауды Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі де жүзеге асырады»,- делінген баспасөз қызметінің жауабында.
Қарыз көлемін арттырмау үшін Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 5 қарашадағы № 84 бұйрығына сәйкес «Самұрық-Қазынаның» 2021 жылға арналған сыртқы қарызының шекті сомасы 16,9 млрд доллар болып белгілген. Ал биылғы лимит – 16,5 млрд доллар.
«2021 жылдың соңында сыртқы қарыздың шамамен 9 миллиард доллары еурооблигацияларда болды. Бағалы қағаздарды халықаралық биржаларда орналастыру ең төменгі мөлшерлемемен және ұзақ мерзімге несие тартуға мүмкіндік береді», - делінген баспасөз қызметінің жауабында.
«Самұрық-Қазына» алған 13,9 млрд доллар сыртқы қарызды Еуропалық қайта құру және даму банкі, Қытай мемлекеттік даму банкі, Еуразиялық даму банкі, Халықаралық қайта құру және даму банкінен алынғаны белгілі болды.
«Даму банктеріне экономиканы дамытуға және экономикалық, экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған арнайы мандат берілген. Осыған байланысты аталған банктер тиісті жобаларға арнайы шарттарды қарастырады», - дейді қордың баспасөз қызметі.
Қордың еншілес компаниялары ішкі қарызды Қазақстанның Даму Банкі, Халық Банкі, ҚДБ-Лизинг, Сбербанк және Қазақстанның екінші деңгейдегі банктерінен алған.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, шетелден қарыз алуға халықарылық қаржы ұйымдарының пайыздық мөлшерлемесінің төмен болуы себеп.
«Шетелден қарыз алатын себебіміз, олардың бізге қарағанда пайызы төмен. Заң негізінде қайтару көздері қарастырылған болса және қарыз алуға қол қойған компанияның басшысы өзі жауап беретін болса, тіпті жұмыстан кетіп қалған жағдайда да жауапкершілік алатын болса, берешек алуды қарастыруға болады. Үкіметтің кепіл болуына қатысты да заң аясында шараны қатаңдату керек. Айта кетерлігі, қазіргі заңнама бойынша квазимемлекеттік сектор басшыларының міндеті мемлекеттік қызметкерлердің міндетімен бірдей. Сондықтан ұлттық компания басшыларының қызметте болған кезінде жасаған қылмыстары анықталса, заң аясында сотқа беру керек», - дейді депутат.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.