$ 442.05  474.14  4.74

Голливудтың жаңа фильмдері көрсетілмеуі мүмкін - Kinopark басшысы себебін айтты

Орысша дубляжы мен қазақша субтитрлері бар кинокартиналарды көрсетуге рұқсат жоқ.
Kinopark пен Kinoplexx кинотеатрлар желісінің жетекшісі Алмаз Малдыбаев Қазақстанда жаңа голливудтық фильмдерді көрсетуге қатысты қиындықтар туындағанын айтты.
 
Оның айтуынша, бүгінде бірде-бір голливудтық студия жаңа фильмдердің Қазақстанда прокатқа шығатынына кепілдік бермеген. Тіпті, орысша дубляжы мен қазақша субтитрлері бар кинокартиналарды көрсетуге рұқсат жоқ.
 
"Жазға, күзге және одан кейінгі уақытқа жоспарланған релиздер бойынша нақты шешім жоқ. Ол фильмдердің дубляжы әлі аяқталмаған немесе басталмады. Негізгі дубляж мәскеулік кеңсе арқылы өтеді. Демек, ол картиналардың дубляжы жасалмайды", - деп жазды Малдыбаев Instagram желісіндегі парақшасында.
Kinopark басшысы дубляжға кететін шығынға да тоқталды. Оның орташа бағасы 100-300 мың долларды құрайды.
"Ал елімізде жыл сайын 300 картина прокатқа шығады. Соның барлығын дыбыстау үшін қыруар қаражат қажет. Дубляжды тек Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан үшін жасау тиімсіз. Сондықтан ресейлік кеңсе ондай шығынға бармайды", - дейді Малдыбаев.
 
Қазақстандық дистрибьютерлер де тиімсіз дубляжға ақша салмайды. Оған қоса, қысқа уақыттың ішінде барлық технологиялық жұмысты ұйымдастыру мүмкін емес. Осыған байланысты қазақстандық кинотеатрлар жабылады деген кауіп бар.
 
"Біздің әріптестеріміз жұмысты жалғастыра береміз дейді. Бірақ бұл жерде үлкен бір сұрақ туындайды. Олар нені көрсетеді? ", - деді Малдыбаев.
 
Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық контентпен жұмыс істеуге болады. Бірақ өзін ақтайтын фильмдер өте аз. Ал 2022 жылдың жазына бірде-бір қазақстандық премьера жоспарланып отырған жоқ.
 
"Біз фестивальдік киноға қолдау жасай аламыз. Алайда онымен қызметкерлердің жалақысы, жалдау ақысы, банк кредиттері сияқты шығындарды ақтау мүмкін емес", - деп жазды Kinopark басшысы.
 
Оған бұрынғы картиналарды қайта прокатқа шығару, қазақ және кеңес кинематографияның классикалық фильмдерін көрсету сияқты ұсыныстар да түсіп жатыр. Дегенмен ондай бастамалардан да ақша түспейді.
 
"Біреулер киноны толығымен қазақ тіліне аударатын кез келді дейді. Бірақ статистикаға сүйенсек, ондай фильмдерден көп пайда келмейді. 99,9 процентін орысша дубляж бен қазақша субтитрлермен көреді. Мен өзім қазақ тілінің кеңінен таралуын қолдаймын. Өзім де жақсы білемін. Бірақ халқымыздың басым бөлігі киноны туған тілінде көретіндей жағдайға жету үшін әлі біраз уақыт өтуі керек сияқты", - дейді Малдыбаев.
 
Айта кетейік, бұған дейін Алмаз Малдыбаев 1 сәуірден бастап Kinopark пен Kinoplexx кинотеатрлар желісінің белгісіз уақытқа жабылатынын мәлімдеген болатын.
 
sputnik.kz
 
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#кинотеатр