$ 444.22  476.38  4.82

Украинадағы қақтығыстар: Ресей жұлдыздары шетелге кетіп жатыр

Бір апта бұрын Ресейлік Telegram-арналар Алла Пугачева күйеуі Максим Галкинмен және егіздері Гарри мен Лизаны алып елден кеткені туралы ақпарат таратты.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Украинадағы қақтығыстар аясында Ресейден елдің шоу-бизнес өкілдері кетіп жатыр. Бірі демалысқа, бірі жұмыстармен, тағы бірі үнсіз. Tengrinews.kz тілшісі шетелге кеткен ресейлік жұлдыздарға шолу жасады. 

Бір апта бұрын Ресейлік Telegram-арналар Алла Пугачева күйеуі Максим Галкинмен және егіздері Гарри мен Лизаны алып елден кеткені туралы ақпарат таратты.

"Алла Пугачева Ресейден 28 ақпанда Внуково-3 арқылы ұшып кетті. Бұл туралы сол күні Ұлыбританияға ұшқан Патриарших тұрғыны хабарлады", - деді журналист Божена Рынска Telegram-арнасында.

Super басылымы ерлі-зайыпты Израильге ұшып кетті деген болжам жасады. Алайда жұлдызды отбасы ақпаратқа қатысты жақ ашпады. 

Бұған дейін Галкин Донбасстағы "арнайы операцияға" қарсы мәлімдемелер жасаған болатын. Осыдан кейін бірнеше жарнама беруші компания онымен жұмыс істеуден бас тартты. Архангельск қаласындағы жанкүйерлері концертіне алған билеттерін қайтарып берді. Нәтижесінде Галкиннің концерті болмады, ал Қазандағы концерті кейінге қалды.

Журналист Божена Рынсканың өзі де Ресейден кетпек. Ол Instagram-да қызы Женямен Израильге кетуге "тура келетінін" жазып, оқырмандарынан баспанаға байланысты көмек сұрады. 

Бұған дейін "Секрет" басылымы жұмысын уақытша тоқтатқан "Дождь" телеарнасының Ресейде шетелдік агент ретінде танылған бірнеше қызметкері, оның ішінде бас редактор Тихон Дзядко Ресейден кетуге шешім қабылдағанын жазған. Журналистің айтуынша, бұған себеп Ресей билігінің телеарнаны бұғаттауы, сондай-ақ журналистерге төнген қауіп болған. 

Ресейден алғашқылардың бірі болып тележүргізуші Ксения Собчак кеткені хабарланған болатын. Ксения бес жасар ұлы Платонмен бірге 2 наурызда Ыстамбұлға ұшқаны хабарланды. Ол ақпаратты растады, бұл жоспарланған демалыс екенін айтты.

"Мен орыспын, мен Ресей азаматымын, ешқайда көшіп бармаймын, менде басқа елдің азаматтығы жоқ", - деп жазды журналист.

Алайда біраз уақыттан кейін Ксения Израильдің Тель-Авив қаласына ұшқаны белгілі болды. Оны Бен-Гурион әуежайында куәгерлер суретке түсіріп алған.

Біраз уақыттан кейін Ксения Собчактың күйеуі - режиссер Константин Богомоловты адамдар Шереметьев әуежайынан көрген. Ол да Тель-Авивке жол тартқаны айтылды.

Сондай-ақ, "Модный приговор" бағдарламасының жүргізушісі, сәнгер Александр Васильев Ресейден ұшып кетті. Ол 1982 жылдан бері тұратын Париждегі үйіне оралды.

"Тағдыр қалауымен, маған байланысты емес себептермен қазір 15-ші кварталдағы үйімдемін", - деп жазды Александр Васильев әлеуметтік желілерде.

"Только никому" Telegram-арнасы әнші Земфира мен оның құрбысы, актриса Рената Литвинова Франция астанасында екенін жазды. Олардың саяхаты қанша уақытқа созылатыны белгісіз.

Ал тележүргізуші Ксения Бородина Дубайда демалып келді. Ол осындай қиын уақытта елден кеткені үшін сынға ұшыраған да еді. Алайда хейтерлеріне жауапта ол Донбасстағы балаларға талай көмектескенін және айтылған жағымсыз пікірлер орынсыз екенін айтты.

"Ертең үйге ораламын, демала алмадық, барлық ойым басқа жерде болды…", - деп жазды ол бес күн бұрын.

БАҚ беттерінде Украинада "арнайы операция" басталғаннан бір күн өткен соң, кеңестік және ресейлік театр және кино актері Эммануэль Виторган әйелі мен балаларымен бірге Ресейден кеткені хабарланды. Атақты әртіс отбасымен Латвия қаласы Юрмалаға барған.

Сонымен қатар, ақын Вера Полозкова туған жерін тастауға мәжбүр болғанын жазды. Ол қазір отбасымен Үндістанда. 

Белгілі кино сыншысы Антон Долин Украинадағы оқиғаларға байланысты Ресейден кететінін хабарлады. Ол қазір Латвиядағы "Артдокфест" кинофестивалінде, "кейін көре жатармыз" деді ол. 

"Аузыңызды жабатын елде, туған, сүйікті жерің болса да өмір сүру мүмкін емес", - деп жазды кино сыншысы Instagram-да.

Тағы бір деректерде, "жаңа орыс журналистикасының" жұлдызы Юрий Дудь Испанияда екені жазылған. Кp.ru сайты бұл Беларусь оппозициялық ресурстарының мәліметі екенін айтады, алайда сілтеме қалдырмаған.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары