11.03.2022, 03:39

Қазақстан билігі ресейліктердің жаппай бері көшуіне заңмен тыйым сала алмайды

Фото: ашық дереккөз
Ресейдің немесе Беларусьтың кез келген азаматы Қазақстанға келіп, жұмыс істей алады. Одақ шеңберіндегі ашық еңбек нарығының тәртібі сондай.

Қазақстанға қоныс аударуы мүмкін ресейліктерге қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов пікір білдірді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

«Бүгінгі таңда аталмыш мәселені біз бақылап отырмыз. Алайда қазір ресейліктердің жаппай Қазақстанға көшу үрдісі байқалмайды», - деді Серік Шәпкенов үкіметтен кейін тілшілерге.

«Егер Ресейден келетін еңбек мигранттары көбейіп кетсе, не істейсіз?» деген сұраққа министр былайша жауап берді.

«Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан – бәріміз бір экономикалық одақтамыз. Ал біздің еңбек ресурстарды ресейліктер, ал біз олардыкын кедергісіз пайдалана аламыз. Сондықтан бұл – бірыңғай еңбек нарығы екенін ескеру керек. Бұрын да, бүгін де ол жақтан еркін келіп адамдар жұмыс істей алады», - деді ол.

Тағы оқыңыз: «Сендерді ешкім күтіп отырған жоқ!»: Шораев Ресейден елімізге қоныс аударушыларға шүйлікті

Серік Шәпкенов әйтсе де, жұмыс орындарына мониторинг жүргізіліп жатқанын айтты. Сөзіне сенсек, еңбек орталықтары арқылы ең алдымен Қазақстан азаматтары жұмыспен қамтылады.

“Жаңа Үкіметтегі баяндамамда айтқанымдай, 2025 жылға дейін Қазақстанда 2 милллионнан артық жұмыс орыны ашылады. Бұған дейін маған “Еңбек министрлігі биыл қанша жұмыс орынын ашады?” деп сұрақ қояды. Шынтуайтында, ол жұмыс орындарының бәрі министрліктерге қарасты барлық салада ашылуы тиіс. Ал Еңбек министрлігі соларды дағдыландырумен айналысады. Бізде жұмыспен қамту орталықтары арқылы біз мониторинг жүргізіп, ең бірінші кезекте өз мамандарымызды жұмысқа орналастырамыз”, – деді ол.

Алайда министрлік үшінші және төртінші санаттағы шетелдік жұмыс күші қысқарғанымен, бұл шектеу Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерді қамтымайтынын айтады. Яғни Қазақстан билігі ресейліктердің жаппай бері көшуіне заңмен тыйым сала алмайды. Ресейдің немесе Беларусьтың кез келген азаматы Қазақстанға келіп, жұмыс істей алады. Одақ шеңберіндегі ашық еңбек нарығының тәртібі сондай. 

Еске сала кетсек Ресей бірнеше жыл ішінде ең көп санкция салынған елге айналды. 22 ақпаннан бастап Ресейдің Украинамен қақтығысына байланысты тағы 2 778 жаңа шектеу шарасы күшіне енді. Бұл ресейліктердің әлеуметтік желілерде көрші елдерге көшу мүмкіндігін белсенді түрде талқылауға апарып соғып отыр.

Әлеуметтанушы, Eurasian center for people management жобасының жетекшісі Айман Жүсіпованың айтуынша, ресейліктердің Қазақстанға қоныс аударуы уақытша сипатқа ие болады. Оның пайымдауынша, қаражаты бар ресейліктер Қазақстаннан гөрі Дубайды таңдайды.

24 ақпанда Ресей Ураинаға соғыс ашты. Осының салдарынан батыс елдері Ресей экономикасына түрлі санкциялар сала бастады. Ал әлемдік алпауыт компаниялар Ресейден кету жөнінде шешім қабылдап жатыр.

Тегтер: Ресей орыс