$ 441.44  473.09  4.75

Ана мен баланы қорғау: мемлекет тарапынан қандай жәрдемақы түрлері қарастырылған?

Қазақстанда ана мен баланы әлеуметтік қолдау әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Бүгінде республикада ана мен баланы әлеуметтік қорғау әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазақстанда ана мен баланы әлеуметтік қолдау әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. 2021 жылдың басынан бастап балалы отбасыларға берілетін барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 5%-ға артты. Республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақының қандай түрлерін алуға болады? Skifnews.kz ақпараттық порталы бүгінгі материалды осы тақырыпқа арнады.  

Ана мен баланы халықаралық-құқықтық қорғау сонау  ХХ ғасырдың басынан бері Адам құқықтары туралы негізгі актілер мен декларацияларда, пактілер мен хартияларда көрініс табады. Атап айтқанда, адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы ана мен нәрестенің ерекше қамқорлық пен көмек алуына құқық береді деген қағидатты бекітті. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағында неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады делінген.

Дәл осы қағидаттар мемлекеттің ана мен баланың мүддесін қорғау жөніндегі шараларды, оларды қорғаудың құқықтық тетіктерін қабылдауы, дені сау отбасын, қоғамды және тұтастай мемлекетті құруға бағытталған ана институтын көтермелеу үшін негіз болды. Қазіргі таңда елімізде ана мен баланы қорғау әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып отыр. 

Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы бірден-бір дәлел бола алады. Онда Президент «балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аудару қажет» екенін баса айтқан болатын.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік жәрдемақылардың мынадай түрлері көзделген: 

- бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы: 2020 жылы жәрдемақының орташа мөлшері 121 348 теңгені құрады, онымен 52,3 млрд теңге сомасына 430 мыңнан астам адам қамтылды. 2021 жылы осы жәрдемақыны төлеуге шамамен 400 мың адамды қамти отырып, 51,4 млрд теңге жұмсалды;

- 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы: 2020 жылы шамамен 121 мың адам 32 млрд теңге сомаға 16 002 теңгеден 24 725 теңгеге дейін сараланған мөлшерде жәрдемақы алды. 2021 жылы жәрдемақымен 44 млрд теңге сомасына 145 мың адам қамтылды;

- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға ай сайынғы жәрдемақы: 2020 жылы жәрдемақымен 49,1 млрд теңге сомасына 232,3 мың адам қамтылды, оның орташа мөлшері 17 780 теңгені құрады. 2021 жылы 52,8 млрд теңге сомасына 234,7 мың адам қамтылды;

- 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы (жәрдемақы мөлшері отбасындағы балалар санына байланысты 46 760 теңгеден (4 бала) 186 688 теңгеге (16 бала) дейін сараланған, 2020 жылы жәрдемақымен 236,2 млрд теңге сомасына 392,4 мың отбасы қамтылған. 2021 жылы 442 мың отбасы 282,4 млрд теңгеге қамтылған.

- кәмелеттік жасқа толғанға дейін мүгедек бала күтімі бойынша, 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедек адамға берілетін жәрдемақы: 2020 жылы 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде 104 мың адам жалпы сомасы 57,6 млрд теңгеге жәрдемақы алды. 2021 жылы аталған жәрдемақыны төлеуге 110 мың адамды қамти отырып, 65,2 млрд теңге бөлінді.

Сонымен қатар, жұмыс істейтін әйелдер үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Жүктілігі және босануы бойынша әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 541,3 мың теңгені, ал бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы төлем – 32,3 мың теңгені құрайды.

Зейнетақы тағайындау кезінде әйелдердің әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін еңбек өтіліне үш жасқа дейінгі бала күтімі кезеңі есептеледі. Сонымен қатар, әйелдерге бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыс кезеңінде міндетті зейнетақы жарналары субсидияланады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы 756 млрд теңге қарастырылған, бұл 2020 жылғы шығындардан 19%-ға артық.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары