13.03.2022, 22:30

Instagram-ның бұғатталуынан ресейлік жұлдыздар қанша табысынан айырылмақ?

«Роскомнадзор» 14 наурыздан бастап Ресейде Instagram желісін бұғаттау туралы шешім қабылдады.

Ресейде бірнеше сағаттан соң, яғни 14 наурызда сағат 00:00-ден бастап Instagram желісі толық бұғатталады. Осы орайда миллиондаған жазылушысы бар жұлдыздар аудиториясын ғана емес, өз кірісінің негізгі бөлігін де жоғалтатын болды. Дүрбелеңге түскен қолданушылар әлеуметтік желіні енді VPN орнатып пайдаланса да, ірі жарнама берушілер тыйым салынған алаңға қайтып кірмейтіні анық, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Комсомольская правда» басылымы жұлдызды инстаблогерлердің қанша шығыға ұшырайтынын есептеп шығарған. Басылым тек Instagram-дағы жұлдыздардың гонорарын есептеумен айналысатын ADinBlog сервисінің зерттеуін негізге алған. Егер сізге төменде келтірілген цифрлар тым аз болып көрінсе, блогерлердің көбінесе нақты ақшаға емес, жарнамаға айырбас ретінде киініп, шетелде демалатынын, қымбат бұйымдарды сыйға алатынын ұмытпаңыз.

Ольга Бузова: 2021 жылы 55,3 миллион рубль табыс тапқан.Әнші әрі жүргізуші Ольга Бузова жазылушыларының саны бойынша (23,2 миллион) Instagram желісіндегі ресейліктердің көшін бастап тұр. Бузованың бір посты 350-800 мың рубль, ал сторисі 250 мың рубль тұрады. Instagram бұғатталатыны туралы хабардан кейін Бузова Telegram-ға тіркелгенімен, қазірше ол желідегі парақшасына небәрі 506 мың адам жазылған.

Анастасия Ивлеева: 2021 жылы 35,3 миллион рубль табыс тапқан. Анастасия Ивлееваның Instagram-дағы өмірін 19 миллион жазылушы бақылап отырады. «Рунет ханшайымының» бір жарнамалық посты 800 мың рубльден 1,4 миллион рубльге дейін, сторисі 300 мыңнан 800 мың рубльге дейін тұрады. Бүгінде Ивлеева өзінің «ВКонтакте» желісіндегі «жаңа өмірін» небәрі 700 жазылушысымен бастап жатыр.

Полина Гагарина: 2021 жылы 26,4 млн рубль табыс тапқан. Полина Гагаринаның Instagram-да 8,6 миллион жазылушысы бар. Әншінің жарнамалық интеграциясын 1-1,2 миллион рубльге, сторисіндегі жазбасын 300 мың рубльге сатып алуға болады. Қазір бұл «жұлдыз» ВКонтакте желісіне тіркелгенімен, онда небәрі 139 мың жазылушы жинай алған.  

Ксения Собчак: 2021 жылы 17,2 млн рубль табыс тапқан. Бірнеше жылдан бері Instagram жұлдызы атанып жүрген Ксения Собчак журналист әрі президенттікке экс-үміткер ретінде өз аудиториясы ретінде 9,3 миллион адамды жинай алған. Собчактың жарнамалық жазбасының құны 500 мың рубльден 2 миллион рубльге дейін тұрады.

Даня Милохин: 2021 жылы 11,7 млн рубль табыс тапқан.Даня Милохиннің Instagram желісінде 3,7 миллион жазылушысы бар. Бір жарнамасы үшін балалар үйінен шыққан жігіт 500 мың рубльден 1,5 миллион рубльге дейін алады.

Айта кетсек, «Роскомнадзор» 14 наурыздан бастап Ресейде Instagram желісін бұғаттау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ РФ Тергеу комитеті Facebook пен Instagram әлеуметтік желілеріндегі ресейлік әскери қызметкерлерге қарсы зорлық-зомбылыққа шақырған жазбаларға байланысты америкалық Meta Platforms компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғады.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.