Астанада «Қазақстан аруы-2016» байқауының қатысушыларын таныстыру рәсімі өтті. Бұл жолы Маңғыстау облысының намысын «Ақтау аруы-2016» байқауын жеңіп алған Балқия Сазанова қорғайтын болады.
«Қазақстан аруы-2016» байқауының ақтық сыны Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында 10 желтоқсан күні өтеді. Айтулы сайысқа облыстық және қалалық байқаулардың жеңімпазы атанған 25 ару қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында «Miss Instagram» атанған үш бойжеткен де бар.
Айта кету керек, «Ақтау аруы» атанған Балқия Сазанова облыстық байқауда үздік үштікке енбей қалған болатын. Дегенмен, «Қазақстан аруы-2016» байқауын ұйымдастырушылар Балқияны өздері шақырып отыр.
- Биыл «Қазақстан аруы» байқауына 20 жыл. Бәсекелестік бұл жолы өте жоғары деңгейде болады. Сондықтан біз екі вице-мисс, мисс және тағы бір қызды қосымша қатысуға алдыртып отырмыз. Былтыр да байқауды дәл осындай жүйемен өткізген болатынбыз. Мәселен, «Маңғыстау аруы-2015» байқауында әділ қазылар Әлия Мергенбаеваға дауыс бермеген болатын. Дегенмен, «Қазақстан аруына» оны мен шақырттым. Нәтижесінде ол республикалық байқауды жеңіп алды. Мұндай оқиғалар бізде сирек орын алады. Өйткені, қазыларға ешқашан қысым жасалған емес. Мен олармен үнемі келісе бермегендіктен кейде өзім таңдау жасаймын. Байқауға оны қосымша етіп қатыстырамын. Өйткені, сұлулық деген әркімнің көзіне әрқалай көрінеді. Әркім өз талғамы бойынша таңдайды. Тек, кәсіби мамандар ғана нағыз сұлуды мың арудың ішінен жаңылмай таңдай алады. Біз модельді агенттіктің өкілдері ретінде осы талаптарға сай қыздарды іріктейміз. Сондай-ақ, арудың қаншалықты сөзге шешен екеніне де мән береміз, - дейді «Маңғыстау аруы» байқауын ұйымдастырушы Татьяна Коробейникова.
Айта кетейік, биыл да былтырғыдай республикалық байқау қазылары ең үздік деген бес аруды таңдап алып, ақтық сынды солардың арасында өткізеді. Ал, жеңімпазды SMS дауыс беру арқылы көрермендер анрықтайтын болады. Дегенмен, биыл алғаш рет қатысушылар жаңа байқау – «Таланттар шоуында» өнер көрсетулері тиіс. Жарыстың жалпы жүлде қоры 5 миллион теңге.