$ 444.14  477.05  4.85

«Ақбота» саябағында балалар аттракциондары орнатылатын болды

Ақтаудың жергілікті билік өкілдері 2017 жылы облыс орталығындағы «Ақбота» саябағына балалар аттракциондарын орнатып, балаларға арналған алаңшалар ашуды жоспарлап отыр. Жаңа аттракциондар 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында пайдалануға берілмек. Бұл туралы Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев мәлімдеді.

Бөлім басшысының айтуынша, «Ақбота» саябағын қалыпқа келтіру жобасы бүгінде әзірленіп қойған. Оны жүзеге асыру үшін 219 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаражаттың 140 миллион биыл жыл соңына дейін игеріліп бітуі тиіс. Яғни, Жаңа жылға дейін саябаққа инфрақұрылым жүргізіледі.

«Саябақта балалар алаңқайы мен аттракциондар пайда болады. Біз бұл орталықты қайта жандандырып, заманауи үлгіде жасақтауды көздеп отырмыз. Яғни, әткеншектер және өзге де ойын құралдары орнатылатын болады», - дейді Қайрат Ақыбаев.

Айта кететін тағы бір жайт, аттракциондар мемлекеттен бөлінген қаражатқа сатып алынбайды. Оны жергілікті кәсіпкерлердің өздері қалталарынан ақша шығарып, балалар үшін сыйға тартатын көрінеді. Сондай-ақ, саябақ жасыл желекке орануы үшін мұнда газон егілетін болады. Жасыл шөпті күнделікті суғару үшін арнайы кішкентай фонтандар да орнатылады.

«Аттракциондар саябағын қайта жандандыру үшін біз мұндағы ағаштардың 10 пайыздайын шауып тастауымызға тура келеді. Бірақ, олардың орнына жас көшеттер отырғызамыз, екі есе көп етіп», - деп сөзін түйді Қайрат Ақыбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары