Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өткен ментальды арифметикадан UCMAS академиясының бүкіләлемдік жарысынан ақтаулық жас математиктер бес күміс және бір қола медаль еншілеп қайтты.
Айтулы халықаралық ғылым бәсекесінде Нұрайдын Мұханбетжан, Әлихан Сағынов, Тілекші Игіліков, Айым Асылбек және Дархан Әмірханов күміс медаль иеленді. Ал, Диас Сапар болса үздік үштіктен көрініп, елге қола медальмен қайтып отыр. Жарыс ережесіне сай, қатысушылар 200 есепті небәрі 8 минутта шешіп бітуі тиіс. Маңғыстаулық жас математиктер бұл тапсырманы жоғары деңгейде орындап шықты.
- Біздің студенттердің жеңісі қажырлы еңбектің нәтижесі. Өздерінің еңбегі, ұстаздарының еңбегі және ата-аналарының еңбегі. Бәрін бағалауымыз керек. Бұл бір жыл тынымсыз атқарған жұмыстың нәтижесі. Шынын айту керек, балалар біз өз күткенімізден де жоғары нәтижеге қол жеткізді, - Ақтаудағы академия филиалының директоры Салтанат Сатанбаева.
Айта кетейік, аталған білім сайысына әлемнің 57 елінен 4 мыңнан астам бала келіп қатысты. Қазақстандық делегация бұл сайысқа 68 жас математикті алып барған болатын. Өскемендік сегіз жасар Темірлан Закарянов қарсылас шақ келтірмей, әлем бойынша ментальды арифметиканы ең үздік меңгерген жас дарын ретінде жарыс жеңімпазы атанды.
Сондай-ақ, жеңімпаздар қатарында қазақтың тағы екі баласы бар. Олардың бірі ресейлік «Пусть говорят» бағдарламасының жұлдызына айналған Данияр Құрманбаев болса, екіншісі «Россия-1» телеарнасында жұрттың жағасын ұстатқан Ілияс Тоқтархан.