$ 448.15  483.46  4.86

Азық-түліктің қымбаттауына жол берген әкімдер премьерден сөз естіді

Жыл басынан бері елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 8%-ке өсті.

Жыл басынан бері елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 8%-ке өсті. Баға барлық өңірде өсті. Мүндай ақпаратты премьер-министрдің баспасөз қызметі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиынның қорытындысы бойынша жариялады.

Өткен аптада баға қатты шарықтаған өңірлер:

Батыс Қазақстан облысында – 9,5%;

Ақтөбе облысында – 8,7%;

Павлодар облысында – 7,1%;

Атырау облысында – 6,7%.

Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасының айтарлықтай өсуіне жол берген бірқатар өңір әкімдеріне ескерту жасады.

"Облыста жыл басынан бері де, бір апта ішінде де барлық ӘМАТ бойынша баға өскен. Бұл халыққа едәуір қиындық туғызады. Біз Оралдағы көптеген дүкенді араладық. Қант бағасы бір жерде төмен, ал бір жерде жоғары. Мен адамдарды еліміздің барлық өңіріне арнайы жолдадым. Кейбір сауда орындарында баға 20 пайызға көтерілген. Үстеме бағаны бақылау керек, оны ешкім қадағаламай отыр", - деді Әлихан Смайылов БҚО әкіміне.

Премьер-министр өңірде ӘМАТ бағасын бақылау, бөлшек сауда маржасының 15%-тен асып кетуіне жол бермеу мониторингі жүргізілмей отырғанын айтты.

Сондай-ақ Ақтөбе облысының әкіміне ескерту жасалды, онда ел бойынша бағаның ең жоғары өсу көрсеткіштері тіркелді: картоп –32,8%, сәбіз – 38,3%.

Премьер-министрдің айтуынша, өткен аптада жедел рейд шараларын өткізу кезінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын негізсіз көтеру фактісі бойынша 5 мың заң бұзушылық анықталды.

"Заң бұзушылықтар бар. Егер көтерме баға қымбаттаса, онда мәселе басқа. Бірақ көтерме баға өзгермесе және маржа 2 есе немесе одан да көп көтерілсе, онда біз бағаның негізсіз өскенін байқаймыз. Бұған жол беруге болмайды", - деді премьер-министр.

Азық-түлік тапшылығы мен бақылаусыз қымбаттауын болдырмау үшін елде азық-түлікті тұрақтандыру қорлары жасалып жатыр.

17 наурыздағы жағдай бойынша сауда объектілерінің, өндірістік кәсіпорындардың, қоймалардың қуатын, тұрақтандыру қорларын қоса алғанда, ӘМАТ республикалық қоры: 421 992 тонна картоп, 70 876 тонна сәбіз, 103 490 тонна пияз, 42 860 тонна қырыққабат, 11 832 тонна қарақұмық жармасы, 29 165 тонна күнбағыс майы, 28 005 тонна қант және басқа да өнімді құрады.

Өткен аптада монополияға қарсы ден қою шаралары шеңберінде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, сондай-ақ сауда үстемесін 15%-тен 10%-ке дейін төмендету туралы 9 шарт жасалды.

Жиын соңында премьер-министр өңір басшыларына болжамды қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін ерте пісетін көкөністерге қатысты отандық өндірушілермен алдын ала келісім жасасуды ұсынды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары