Жапонияда Фукусима тұрғындарына жерасты дүмпулері қайталануы мүмкін екені ескертілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Жапониядағы метеорология агенттігі мәліметінше, ең күшті афтер сілкініс келесі аптада болуы мүмкін. Елдің солтүстік-шығысында болған 7,3 баллдық жойқын жер сілкінісінен халық енді ғана қалпына келе бастады. Олар үйлеріне оралып, келтірілген шығынды бағалауға және апаттан аман қалған заттарын сақтауға тырысады. Зардап шеккен аймақтың тұрғындары жиі қайталанатын табиғат апаттарынан қорқып қалған.
"11 жыл бұрын күшті жер сілкінісі болды. Бәрі жан-жаққа шашырады. Бұл жолы сәл басқаша болды. Объектілер алдымен көлденеңінен, содан кейін тігінен қозғалды. Мен денемнің көтерілгенін сездім. Үйдегі заттардың бәрі құлады", - тұрғын Юкио Кумемото.
Айта кетейік, 16 наурызда Жапонияның солтүстік-шығысында жергілікті уақыт бойынша сағат 23:36-да (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 20:36) жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған еді. Бастапқыда елдің ұлттық метеорология бюросы жариялаған мәліметте дүмпу күші 7,3 болса, кейін 7,4-ке көтерілген.