Қорғаныс министрлігі қазақстандық әскери техниканы Украина аумағына жіберу туралы қауесетті жоққа шығарды.
Stopfake.kz хабарлауынша, Telegram-да тас жолмен жүріп келе жатқан әскери автомобильдер түсірілген бейнеролик таралып жатыр. Видео сипаттамасында бұл Украинаға бара жатқан техника болуы мүмкін деп жазылған.
"Бұл олай емес. Кадрларда көрсетілген автомобильдер оқу-жаттығуға бара жатыр, бұл туралы толығырақ Қазақстанның қорғаныс министрлігінің ресми Telegram-арнасында және ведомствоның ресми сайтында айтылған", - делінген ақпаратта.
Министрліктің сайтында 19 наурызда жарияланған ақпарат бойынша, Қазақстанның қарулы күштерінде желтоқсаннан наурызға дейін жалғасатын қысқы оқу кезеңі өтіп жатыр. Ол мамандығы бойынша әскери қызметшілерді даярлаудан басталды. Бөлімшелерден батальондарға біртіндеп ауысып, кезең-кезеңімен жауынгерлік үйлестіру және барлық деңгейде өзара іс-қимылды пысықтау жүзеге асырылады.
Әскери техниканың қозғалысы автомобиль тартқыштары және теміржол көлігі арқылы жүзеге асырылады. Жауынгерлік даярлықтың қарқыны біртіндеп артып келеді. Қысқы оқу кезеңі аяқталған соң әскери бөлімшелер бірқатар батальондар мен бригадалар ауқымында жауынгерлік атыстарды жүргізу арқылы тактикалық оқу-жаттығуларды өткізуге кіріседі, делінген министрлік таратқан ақпаратта.