22.03.2022, 16:03

Депутаттарға қазақ тілін үйретуге 27 млн теңге жұмсалмақ

Фото: ашық дереккөз
Мемлекеттік сатып алу порталынының дерегінше, мекеме 11 ақпан күні «Парасат» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасаған.

Парламенттегілердің мемлекеттік тілді меңгеруі үшін миллиондаған қаржы бөлініп жатыр деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы. Телеграм-арнаның зерделеуінше, «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» деген мекеме мемлекеттік тіл бойынша тренингтер өткізу үшін 27 млн теңге жұмсамақ.

Мемлекеттік сатып алу порталынының дерегінше, мекеме 11 ақпан күні «Парасат» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасаған. Тендер «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілі арқылы өткен. Келісімшартқа сәйкес, «Парасат» ЖК биылғы 25 желтоқсанға дейін «тапсырыс берушінің 50 тыңдаушысына» мемлекеттік тілден тренингтер өткізуге тиіс. Құжатта «тыңдаушылардың» нақты кім екені айтылмаған.

«Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» негізінен Парламенттің шаруашылық жұмыстарына жауапты. Сондықтан 50 «тыңдаушының» депутаттар екенін болжауға болады. Оның үстіне, тендер техсипаттамасында тренинг өткізілетін орын ретінде Парламент ғимараты мен Мәжіліс ғимаратының мекенжайы көрсетілген.

Техсипаттамада «қызметтің негізгі мақсаты – тапсырыс берушінің тыңдаушыларының мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасау» деп жазылған. Соған қарағанда, депутаттарға мемлекеттік тілді үйретуді де мемлекет өз мойнына алған сияқты», – деп болжайды телеграм-арна иесі, журналист Мият Кәшібай.

«Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» өз «тыңдаушыларына» тіл үйрету үшін биыл ғана қыруар қаржы бөлмеген. Мемсатып алу порталындағы ақпаратқа қарағанда, мекеме 2016 жылдан бері «тыңдаушыларына» тіл үйрету мақсатында 14 келісімшарттың барлығын «Парасат» жеке кәсіпкерлігімен жасасқан. Оның үстіне, барлық тендер «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілі арқылы өткен.

Яғни, мекеме ашық конкурс өткізбеген, тек бір компаниямен келісімшарт жасаса берген. Нәтижесінде, «Парасат» ЖК 2016 жылдан бері аталған мекемеден 285 млн теңге жуық қаржы алған.

«Парасат» ЖК иесі – Мақпал Мұртазаева деген адам. Ашық дереккөздерде ол жайлы ақпарат жоқ. Бізге белгілісі – Мұртазаева осы уақытқа дейін тек «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасына» ғана қызмет көрсетіп келген. Өйткені порталда басқа мекемеден тендер алғанын кезі жоқ», – деп түйген телеграм-арнадағылар депутаттардың, жалпы Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді үйренуі үшін бюджеттен ақша бөлген дұрыс па деген сыңайда сауал қояды.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.