$ 445.66  474.58  4.78

Жалқының ғана емес, жалпының жаһандық проблемасы – адам саудасы

Елімізде Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына терең маңыз беріліп келеді.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Күндегі тыйым нәрселерден күрмеуі қиын мәселе болған адам саудасы – бұл жаһандық проблема. Адамзаттың шарадай басын шапшақтай қылып әлі күнге дейін түйіні шешілмеуі – онсыз да үстемдігі үлбіреп тұрған заңымызға нұқсан келтіріп қана қоймай, қылмысын кәсіп көріп жүрген жауыздар үшін үлкен пайда болып тұр. Бұл түйткілді мәселемен күрес қазақ үшін басты бағыттардың бірі болуы керек. Көзге оттай басылар айғақтар мен статистикадағы өзгерістер байқалмаса да, елімізде мемлекеттік деңгейде адам саудасына қарсы күреске түрлі шаралар қолданылуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Елімізде Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына терең маңыз беріліп келеді. Соның айқын бір көрінісі - ҚР Конституциясының 1-бабында адам құқықтарын сақтау нормасы бекітіліп, 30-бап түгелдей азаматтардың құқықтарына, бостандықтарына, мүдделеріне арналды. Бұл демократиялық ашық қоғамда өмірдегі барлық құндылықтардың ішінде адам құқықтары мен бостандықтары ғана ең маңызды болып саналатындығын білдіреді.

Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жеке тоқталып, қылмыстарды анықтау үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырған.

Адам құқығын қорғау – күн тәртібінде. Бұл мәселе бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуіміз керек. Бұл адам саудасымен күреске де қатысты. Бұл ретте шешілмей жатқан мәселе көп. Тіпті, жағдай күрделі деп те айтуға болады. Адам саудасы туралы халықаралық рейтингтер мен баяндамаларда Қазақстанның жағдайы онша емес. Мен бұл мәселеге Жолдауда жеке тоқталдым. Ендігі кезекте барлық уәкілетті органдардың батыл әрі үйлесімді әрекеті керек. Қазақстанның заңнамасын халықаралық стандарттарға сай бейімдеген абзал. Адам саудасы мен мәжбүрлі еңбектің зардабын шеккен шетел азаматтарының бәріне көмек көрсетілуі тиіс. Мыңдаған адамның тағдыры мен Қазақстанның абыройы қабылданған шаралардың тиімділігіне байланысты, – деді Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Бүгінде Қазақстанда мемлекеттің және халықаралық ұйымдардың қолдауымен еліміздің әртүрлі өңірлерінде адам трафигіне қарсы күрес жөніндегі үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істей отыра, адам саудасының құрбандары үшін жан-жақты көмек көрсетілетін баспаналар құрылып жатқаны соның дәлелі. Мысалға, 2006 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан «Родник» ұйымы адам саудасынан зардап шеккен жандарға қол ұшын тигізіп келеді. Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Украина сияқты бірқатар елдердің азаматтары, нақтырақ айтқанда, 159 адам заң тұрғысынан да, медициналық және психологиялық көмек ала отырып, үйлеріне қайтуға мүмкіндік алған. 

БҰҰ-ның 2021 жылғы статистикасына сүйенсек, адам саудасының құрбандары кем дегенде 127 елден сатылымға шығып, 137 елдің аумағында пайдаланылады екен. Жылына 20 миллионнан 40 миллионға дейін адам құлдықтың құрбанына айналады. Ал Қазақстанда 2021 жылы адам саудасына байланысты 89 қылмыстық іс қозғалғанын еліміздегі адам құқықтары жөніндегі уәкілдік хабарлаған болатын. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы маусымның басында адам құқықтарын кепілді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қабылдануы қажет бірінші кезектегі шаралар туралы Жарлық қабылдады. Ол мүмкіндігі шектеулі азаматтардың адам құқықтары, адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету, бірлестіктер бостандығы құқығы, сөз бостандығына құқық беру, адамның өмір сүруге және қоғамдық тәртіпке құқығын қамтамасыз етуді басым бағыттар ретінде бөліп көрсетті. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен қоғам арасында үздіксіз  диалогтың болуына үнемі көңіл бөліп келеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іргетасы осылайша қаланды. Тәуелсіз сарапшылар қауымдастығымен және ел ішіндегі, сондай-ақ шет мемлекеттердегі бірқатар қоғамдық ұйымдармен өзара байланысты күшейту басты міндет болып отыр.
 
Саяси реформаларды іске асыру жұмыстарына жедел араласқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғамдық диалогты дамытуға жаңа серпін берді деуге болады және бұл жұмыс жалғасын табуда.

ҚР Үкіметі бірінші кезектегі 26 шара жоспарын іске асыруға кірісті, оның ішінде 16 шара адам саудасының алдын алу тетігін заңнамалық күшейту және зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі шараларды атқарып жатыр. 

Яғни, аталмыш мәселенің алдын алуда және осы қылмысқа қарсы күрес кезінде заңнамалық шектеулерді қатаңдатуды талап етуден бөлек, әр азамат жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аталған кеңестерді де басты назарда ұстағаны жөн. 

Себебі бұл адамның өмірі, тағдыры және оның құқығының қорғалғаны. Адамзат үшін аталғандар басты құндылық болса, Ата-заңымызда тайға таңба басылғандай мемлекеттің басты құндылығы – халық екені жазылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары