«Мемлекет шығармашылыққа, білім мен ғылымға, жастарды қолдауға баса назар аударып отыр. Осы жолда тиімді әлеуметтік лифт қалыптастырудың орны бөлек. Біздің ұлтымыздың бойында креативті индустрияны дамытудың аса зор мүмкіндігі бар. Дәл қазір креативті экономика миллиардтаған доллар инвестиция тартудың, тұрақты экономикалық өсудің, әлеуметтік өркендеудің бірден-бір жолы. Қазақстан мәдениетінің өкілдері өңірлік және жаһандық деңгейде өз орындарын ойып тұрып алып жатыр. Біз осы мүмкіндікті еліміздің мәдениетін әлемге танытудың жолы ретінде қарастыруымыз керек», – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін алға тарта отырып, Skifnews.kz ақпараттық порталы қазақ мәдениетінің соның ішінде қазақ әдебиетінің бүгінгі жарқын өкілдерінің еңбегімен өткенге көз жүгірте отырып, салыстырмалы шолу жасап көрмек.
Кеңес үкіметі ыдырағанға дейін ондағы одақтық республикалардың ұлттық әдебиетіне көп көңіл бөлінді. Қазір ТМД елдерімен мәдени-экономикалық байланыстардың сақталғанына қарамастан, кітап оқитын халықтың көпшілігі сол Қазақстанның әдеби аренасында болып жатқан оқиғалар туралы өте аз мәлімет пен түсінікке ие. Ал, қазақ тілі мен әдебиеті жан-жақты танысуға тұрарлық ауқымы кең мәдени ошақ. Әңгіме тек классикалық шығармалар туралы ғана емес, сондай-ақ қазіргі авторлардың кітаптары туралы да болып отыр.
Зерттеушілердің пікірінше, қазақ даласында халық тіліндегі авторлық шығармалар XV ғасырдың басында-ақ пайда болған. Дегенмен, қазақ халық әдебиетінің тарихы әлдеқайда ертерек басталды. Оның бастаушылары шағатай және парсы тілдерінде шығармалар жазған ортағасырлық авторлар болып табылады. Қазіргі Қазақстан территориясында түркі тіл тобына жататын этностар көптеп таралып, кейбір аймақтарда иран тобындағы соғды тілі ұзақ уақыт қолданылып келген. Алғашқы руна жазу шамамен 5-6 ғасырларда пайда болды десек, Қытай жылнамаларында түркі тілдес тайпалар арасында ауыз әдебиеті сонау VII ғасырдан бастау алған.
Халық ауыз әдебиеті
Жазба әдебиеті дамымай тұрып ел арасында поэтикалық жанрлар мен эпостық жырлар кеңінен таралып, негізгі рөл атқарды. Қазақ поэзиясының дамуы тарихында халық ауыз әдебиетін үш кезеңге бөліп қарастырады.
XV – XVIII ғасырдың бірінші жартысы. Жыраулар кезеңі (халық әншісі және ақыны, поэтикалық шығармалардың авторы және орындаушысы). Бұл кезеңдегі негізгі жанр – толғау. Ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие, афоризмдерден тұратын толғау түріндегі өлеңдер. Толғауда жыраулар ұлттық мүддені, бірлік, әділдік туралы идеяларын білдірді, сонымен қатар, табиғат сұлулығын да шебер жеткізе білген. Мұндай ақындар көбіне қоғамдық, тіпті өз кезегінде әскери функцияларды да атқаратын елеулі саяси күш болды. Авторлары белгілі ең алғашқы туындылар осы кезеңнен басталады. Қазақ әдебиетінің негізін салушылар қатарында Асан Қайғы, саяси поэмалардың авторы Бұқар жырау Қалқаманұлы, суырып салма ақындар қатарында Шалкиіз, Доспамбет және тағы басқалары бар.
XVIII ғасырдың екінші жартысы мен 19 ғасырдың бірінші жартысы – поэтикалық кезең. Бұл кезеңде поэтикалық ән жанры жан-жақты дамып, ой толғау мотивімен қатар «арнау» да қатар дамыды. Ақындар өз шығармаларында халықтың мұң-мұқтажын жеткізді және саяси күрес тақырыптарын да жиі тілге тиек етті. Жоғарыдағыдай тақырыптағы жырлар Сүйінбай Аронұлы, Махамбет Өтемісұлы шығармаларына тән. Сонымен бірге консервативті діни бағыт та осы екінші кезеңде қалыптасты (Мұрат Мөңкеұлы, Шортанбай Қанаев).
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы – айтыс өнерінің қанатын кеңге жайған кезі. Ертеректе қалыптасқан айтыс дәстүрі, суырып салма ақындар айтысы сол кезде барынша ауқымды түрде тараған. 19 ғасырдың екінші жартысында Жамбыл Жабаев, Біржан Қожағұлов сияқты ақындар өз кезегінде поэзияны қоғамдық ойды білдіру мен әлеуметтік әділдікке ұмтылу тәсілі ретінде пайдаланған.
Жазба әдебиетінің даму тарихы
Жазба әдебиеті өзінің алғашқы бастауын ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресей және Батыс елдерімен болған мәдени диалог барысында алды. Осы кезде қазақ тілінің қазіргі грамматикасы қалыптасты. Бұл процестердің бастауында қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин сынды ағартушылар болды. Ұлттық әдебиетіміз бірте-бірте кейбір еуропалық ерекшеліктерге ие бола бастады. Жаңа стильдік формалар, атап айтқанда, әңгімелер мен романдар пайда болды. Тұңғыш роман болып тарихқа белгілі ақын, прозаик Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» енді. Дәл осы кезеңде қазіргі әдеби тіл қалыптасып, М.Ю.Лермонтов, А.С.Пушкин, Ф.Шиллер шығармалары аударылды және алғашқы баспа кітаптары мен газеттер жарық көрді.
Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылар
Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаев өз туындыларын парсы және араб тілдерінің ықпалына азырақ түскен солтүстік-шығыс диалектісі негізінде жасады. Абай Құнанбайұлы – ақын, қоғам қайраткері, композитор, ағартушы, философ, әдебиет саласындағы реформатор, ағартушы. Ол 1845 жылы Семей уезінде текті отбасында дүниеге келген. Қазақ көркем әдебиетінің болашақ классигі орыс мектебінде оқып жүріп, медреседе араб, парсы тілдерін үйренген. 13 жасында алғашқы өлеңдерін жаза бастады, бірақ ол өзінің танымал шығармаларын есейген шағында жазды. Оның жазушы болып қалыптасуына Шығыс пен Батыстың бірқатар ойшылдары мен ақындарының гуманистік идеялары үлкен әсер етті. Кейіннен олардың шығармаларын қазақ тіліне аударумен және орыс мәдениетінің идеяларын таратумен айналысты. Абай Құнанбайұлы ұрпаққа мол мұра ретінде 50-ден астам аударма, 20-ға жуық әуен, 170-ке жуық поэма қалдырған және 45 қара сөзі тағы бар. Жалғасы бар...