Күні кеше Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қаланың бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың «Алматы қала жарық» компаниясын сатуға қатысты өткізген тендерін заңсыз деп тапты. Қазір Алматы қаласының әкімдігі осы агенттікпен бірге «Алматы қала жарық» компаниясын қайтадан мемлекеттің құзіретіне беру үшін жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2021 жылдың желтоқсан айының соңында Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен тендер арқылы «Алматы қала жарық» ШЖҚ МКК сатылды. Тендерді «ABM Group.com» ЖШС жеңіп алған. Мәміле 4,6 млрд теңгені құрады, болжамды құны – 14,8 млрд теңге. Алматы әкімдігінің «Алматы қала жарық» МКК-ны жекешелендіру туралы бұл шешімі мемлекеттік мүлік туралы заңнама нормаларына қайшы келеді және бәсекелестікті шектейді», - деп хабарлады Алматы әкімінің ресми сайты.
«ABM Group.com» ЖШС кімдікі және оны Сағынтаевпен не байланыстырады?
Осылайша, Алматының жаңа әкімі Ерболат Досаев бұрынғы әкім Бақытжан Сағынтаевтың тендерін заңсыз деп тауып, компанияны әкімдік меншігіне қайтарып алуға тырысып жатыр.
Бұл ретте, Azattyq Rýhy тілшісі контрагенттерді тексеретін және өзге де ашық дереккөздерге сүйене отырып, қаладағы ең ірі жарық компаниясын Сағынтаев кімнің меншігіне беріп жібере жаздағанын анықтады.
Бәсекелестікті қорғау агенттігінің материал басында атын атаған «ABM Group.com» ЖШС компаниясы 12 жыл бұрын Алматыда құрылған. Контрагенттер сайты компанияның негізгі қызметі «өзге де машиналар мен арнайы құрылғыларды жөндеу» екенін жазады.
Ал компанияның иесі – Азамат Молдақасымов атты кәсіпкер. Ең қызығы, Азамат Молдақасымов Бақытжан Сағынтаевтың тұсында қаланың бас санитар дәрігері болған және бірнеше резонансты істен кейін жұмысынан босаған Айзат Молдақасымованың туған ағасы болып шықты.
Айзат Молдақасымова мен ағасы Азамат бұған дейін де Алматыдағы кәсіпорындарды жекешелендіру ісінде бірге төбе көрсеткен.
Мәселен, 2020 жылы Айзат Молдақасымова Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Алматы қаласы бойынша Сапаны және тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің директоры болып отырғанда оның ағасы Азамат Молдақасымов қаладағы коммуналдық мүлікті жекешелендіру аясында балалардың тіс емханасын сатып алған. Нысанды әкімдік 525 млн теңгеге бағаласа, Молдақасымов оны 621 млн теңгеге (сауда-саттықта ұсынылған ең жоғарғы бағаға) алған.
Жалпы Айзат Молдақасымованың елді шулатқан оқиғасы бұл ғана емес. Естеріңізде болса, 2020 жылдың наурызында Алматыға Франкфурттан коронавирус жұқтырған алғашқы науқас ұшып келген. Сол жылдың 9 наурызы күні коронавирус жұқтаған адам отырған рейспен шенеунік Молдақасымованың өзі де елге оралған. Өзінің айтуынша, ол 10-24 наурыз аралығында 14 күн үйде карантин сақтаған. Алайда қоғам белсенділері Молдақасымова карантинді бұзып, жұмысына байланысты кездесулерге барғанын жазған еді.
Бұл дау енді басыла бастағанда, Айзат Молдақасымова Алматының дәрігерлерін сақтық шараларын сақтамай, бір-біріне коронавирус жұқтырды деп айыптап, жұртшылық назарын тағы да өзіне аудартқан. Осы оқиғадан кейін Алматы қаласының қоғамдық кеңесі сол кездегі әкім Бақытжан Сағынтаевқа Айзат Молдақасымованы жұмыстан шығару туралы өтініш білдірген.
Осындай резонансты оқиғалардан кейін жұмыстан босаған Молдақасымова көп ұзамай 2020 жылдың 5 маусымында Алматы қаласының Жұматов атындағы гигиена және эпидемология ғылыми орталығына басшы болып барды.