$ 444.22  476.38  4.82

Алматыда белгісіз біреулер «Яндекс.Такси» жүргізушісін 18 рет пышақтап кеткен

Күдіктілер 18 рет пышақтағаннан кейін жасаған істерін жасырып қалмақ болған.

Алматыда такси жүргізушісіне шабуыл жасап, 18 рет пышақтап, көлігін ұрлап кеткен күдіктілер екі аптадан бері іздетіріліп жатыр. Жәбірленуші аман қалып, операция жасатқан, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.

Оқиға 12 наурызда болған. Сол күні Аманбек қалада таксимен адам тасып жүрген. Думан ықшамауданынан әуежайға тапсырыс түскен. Мекенжай бойынша келген кезінде үш жігіт көліктен шығуын сұраған. 

"Бауырым, сенің артқы дөңгелегіңнің желі шығып кетіпті", - деді олар маған. Мен еш күдіктенбедім. Қарап шықтым - дөңгелек бүтін, орнымнан тұра бергенде пышақ сұғып алды", - дейді жәбірленуші. 
 

Күдіктілер 18 рет пышақтағаннан кейін жасаған істерін жасырып қалмақ болған. Олар қансыраған Аманбекті байлап, белгісіз бағытта алып кеткен. 

"Қолдарында пышақ болды, өлтіргісі келген шығар. Белгісіз жерде тоқтап, мені қалдырып кетті", - дейді ол. 
 

Жәбірленушінің әкесі бұл оқиға туралы түнгі 23.00 шамасында білген. Белгісіз біреу хабарласып, Аманбекті тауып алғанын айтқан. Артынша оны ауруханаға жеткізген, ол жерде медицина қызметкерлері операция жасаған. 

"Екі қызы бар, үйленген. Бәріміздің жағдайымызды жасап отыр. Жалғыз ұлым. Кінәлілер жазасын алады деп сенемін", - дейді жүргізушінің әкесі Ахмет. 

Қалалық ПД өкілдерінің мәліметінше, күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Арнайы топ құрылды, оның ішінде криминалдық полиция қызметкерлері де бар. 

"Бұл қылмысқа қатысты міндетті түрде тергеу жүреді. Іс "аса ауыр" деп бағаланып отыр, сондықтан полиция қызметкерлері істің мән-жайын анықтау үшін барын салады", - дейді ПД өкілі Салтанат Әзірбек.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары