Түркістан облысында жоғалып кеткен қызға халықаралық іздеу жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі өңірдің ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Түркістан облысы Сауран ауданындағы полиция бөліміне жоғалып кеткен қыздың анасы арызданған. Ол арызында қызы ауруханаға кететінін айтып, үйден шығып, із-түссіз жоғалып кеткенін айтқан.
"Жоғалған әйелді жедел іздестіру мақсатында Түркістан облысы ПД басшысы, полиция генерал-майор Мұрат Қабденов бірқатар тапсырма беріп, бұл деректі жеке бақылауына алды.
Бүгінде Түркістан облысы ПД басшысының орынбасары Құрманбек Саовтың басшылығымен тәжірибелі полицейлер іздеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Сонымен қатар, іздеу жұмыстарымен қалалық және ауданық полиция департаменті бөлімдерінің қызметкерлері айналысып жатыр", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Тараздағы Жаңақорған ауданы, Шымкенттегі және Алматыдағы полицейлер де іздеу жұмыстарына кірісіп кеткен.
"Бүгінде халықаралық іздеу жарияланды. Еріктілер де көмектесіп жатыр. Жалпы полицейлер қызды табу жұмыстарын күшейтті. Із-түссіз жоғалған Назим Алдашты аман-есен тауып, отбасымен қауыштыру мақсатында оны көрген адамдардан полицияға хабарлауын сұраймыз", - делінген хабарламада.
Жоғалған қыздың үстінде ашық-қызыл түсті күртеше, ақ түсті спорттық шалбар, ал аяғында қара түсті аяқ киім болған.
Бойы: 165-168 сантиметр, мойнында қалы бар.
Қандай да бір ақпарат білген жағдайда Сауран ауданындағы полиция бөліміне хабарласуға болады: 8 725 33 5 86 50, 8 747 008 74 80 немесе 102.