Тараз қаласындағы дәріханалардың біріне қарақшылық шабуыл жасағандар іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Жамбыл облысының полиция департаменті.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға 25 наурызда болған.
Сол күні 22.30 шамасында Тараз қаласындағы мөлтек аудандардың бірінде орналасқан дәріханаға медициналық бетперде киген 20-25 жастағы екі белгісіз адам баса-көктеп кірген.
Олардың бірі тапаншаға ұқсас затпен фармацевтерді қорқытып, алдындағы шыны витринаны сындырып, кейін екеуі 37 000 теңге көлеміндегі қаражатты алып кеткен. Содан соң оқиға орнынан белгісіз бағытта бой тасалаған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.