Полицейлер Түркістан облысында жоғалып кеткен жүкті әйелді тапты. Бір айдан астам уақыт бұрын жоғалған әйелге халықаралық іздеу жарияланған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Назым Алдашты іздеу жұмыстарын Түркістан облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Құрманбек Сахов бастаған тәжірибелі жедел қызметкерлер тобы жүргізген. Сонымен қатар қалалық және аудандық басқарманың полицейлері жұмылдырылған.
Сауран аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына, Тараз , Шымкент және Алматы қалаларына барған. Алайда іздеу жұмыстары еш нәтиже бермеді. Кейін әйелді іздеу үшін еріктілер де қосылды.
Нәтижесінде жоғалып кеткен Назым Алдаш Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласынан табылды. Полицейлер Назымның азаматтық жарымен бірге болғанын анықтады.
Оқиғаның мән-жайы тексерілуде. Сондай-ақ құқық қорғау органының қызметкерлері іздеу жұмыстарына ат салысқандарға алғыс білдірді.
Айта кетейік, 24 ақпанда Түркістан облысы Сауран аудандық полиция бөліміне жоғалған әйелдің анасы шағым түсірген. Әйелдің сөзінше, қызы ауруханаға баратынын айтып, үйінен шығып кеткен. Алайда кейін қайта оралмаған екен.