$ 494.87  520.65  4.91

Елордада жұмыссыздық деңгейі азайды

2022 жылы 28,5 мың жұмыс орны ашылмақ.

Жұмыссыздық мәселесі өзектілігін жоғалтқан емес. Халықты жұмыспен қамту бойынша түрлі бағдарламалар мен жобалар қабылдануда. Сондай жобалардың бірі – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы. 2022 жылдан бастап жұмыссыздар осы жоба бойынша қабылданады. Жұмыспен қамту саласында мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан қолдау шаралары баршылық. Ал елорда тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы Skifnews.kz ақпарат порталының бүгінгі шолуында сөз болмақ.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы  бойынша былтыр елордада 23240 адамға жұмысқа тұруға көмек көрсетілді. Олардың 7212-сі тұрақты жұмысқа орналастырылса, 260 адам жұмыспен қамтудың жол картасы жобаларына жұмылдырылды, 914 адам жастар тәжірибесі бағдарламасына тартылды. Сондай-ақ 185 азамат әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтамасыз етілсе, 2848 тұрғын қоғамдық жұмыстарға орналастырылды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 91 азамат, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 2 адам қатысқан болатын. 200-ден аса елордалық тұрғын  қысқа мерзімдегі кәсіби курстардан өткен.

Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында 1384 адам оқытылса, олардың 503-і мемлекеттік грантқа түсіп кетті. Кәсіпкерлік бастамалар мен бизнес идеяларды қолдау мақсатында 92 несие берілген, тамақ, тігін өнеркәсібі, саудар салалары бойынша 590 бизнес жобасының қолдау тапқанын айта кеткен жөн.

ЖҚЖК шеңберінде былтыр 14 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылған, 635 жұмыс орны құрылған болатын. Сондай-ақ 2021 жылы ел астанасында 28 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 24 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Байтасовтың айтуынша, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады. Бұл республикалық деңгеймен салыстырғанда 0,3%-ға төмен.

2022 жылы 28,5 мың жұмыс орны ашылмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыссыздықты, оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге айрықша көңіл бөлді.  Президент Парламент Мәжілісінің отырысында: «Азаматтарымыздың əл-ауқатын, əлеуметтік көңіл-күйін мемлекеттің басты назарында ұстау қажет. Сандармен ойнамай, нақты іске көшетін уақыт келді. Мемлекеттік аппарат көбінесе «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» сияқты терминдерді қолдануды, жағдайды жасырып қалуды жақсы көреді. Солардың салдарынан қаншама адам жұмыссыз. Бұл əлеуметтік-еңбек саласын сапалы түрде жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатпен мынадай шараларды қабыл­даған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламаларын дайындау керек. Жұмыс нақты және әр адамға бағдарлануы тиіс», - деді.

Мемлекет басшысының тапсырмасыа сәйкес, Үкіметке «Жастар тəжірибесі» жəне «Бірінші жұмыс орны» жобаларының мерзімін ұзартып, жалақы көтеру мүмкіндіктерін қарастыру тапсырылды. Алдағы міндет – жұмыссыздықты түбегейлі болдырмау, жою. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары