Бір жұтым судың да қадірін екенін түсінген халқымыз суды тіршілік көзі деп біледі. Ауыз су мәселесі – елімізде басты назарда тұрған мәселелердің бірі. Қазіргі кезде елде сумен жабдықтау қызметтеріне деген қолжетімділік 96 пайызды құрап отыр. Ал оны 100 пайызға жеткізу «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында көзделген. Жобада аталған қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша 2021-2025 жылдарға арналған нақты жұмыстар қамтылған. Ал Жамбыл облысында тұрғындардың қанша пайызы таза ауыз сумен қамтылғаны, осы өңірдегі бұл мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы Skifnews.kz ақпарат порталының бүгінгі шолуында сөз болмақ.
Жамбыл облысында өткен жылдың қорытындысы бойынша қала халқын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 91% (2022 жылы 92,3 % болмақ), ауыл халқын ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі - 88,8 %-ды (2022 жылы - 93,6% болмақ) құраған.
2022 жылы сумен жабдықтау бойынша 31 жобаға 13,5 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бөлініп отырған қаржы мөлшері былтырғы жылға қарағанда 22,7% - ға көп. Жамбыл облысы орталығының алты тұрғын алабын, 13 елдімекенін орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
2025 жылдың аяғына қарай халықты 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Халқының саны 200-ден аспайтын 31 елдімекенде кешенде блок-модульдер орнатылмақ.
«Ауылдық жерлерді сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарын арттыру қажет. Еш сылтау мен кедергі қабылданбайды. Тиісті құжаттар шұғыл дайындалуы қажет. Блок-модульдерді орнатуға байланысты мәселелер жоқ емес. Салалық басқарма барлығын жіті қадағалауы қажет. Ең бастысы, тұрғындар тарапынан бірде-бір шағым түспеуі керек. ЖСҚ (жобалық-сметалық құжатттаманы) әзірлеу жұмыстарын жүйелендіретін кез келді», - деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Жалпы алғанда елімізде 2022 жылы сумен қамтамасыз ету жұмыстарына, су бұру жүйелерін салуға, қайта жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттерден 203 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу көзделіп отыр.
Биыл қалаларда халықтың 98,5 пайызын, ауылды жерлерде халықтың 94 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылы Қазақстан халқының барлығы дерлік, яғни 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмек.
Сондай-ақ ұлттық жоба шеңберінде ауылдардың таза ауыз сумен қамтамасыз етілуіне бақылау жүргізу үшін интерактивті карта іске қосылған болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы барысында 5 жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын» деген болатын. Ендеше, Президент тапсырмасына сәйкес, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысында ауыз су мәселесі толығымен шешімін таппақ.