Кез-келген мемлекет халқының қолайлы өмір сүруі үшін қолдан келгеннің барлығын жасайтыны рас. Халықтың жағдайының жақсаруы экономиканың тұрақты дамуына да оң ықпалын тигізеді. Бұл мәселелер бойынша елімізде ірі жобалар қабылданып, қолға алынуда. Сондай ауқымды жобалардың бірі – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы.
Елдегі өзекті проблемалардың бірі баспана мәселесі де ұлттық жобаның назарынан тыс қалмады. Жобадағы екінші міндет – халыққа сапалы және жайлы тұрғын үй қолжетімділігін арттыру. Ал бұл міндет Шымкент қаласында қалай атқарылып атқаны туралы Skifnews.kzақпарат порталының бүгінгі сараптмасаында айтылмақ.
Өткен жылы Шымкент шаһарында 1 миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілген болатын. 2022 жылы 1 млн 60 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі.
Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысы Ғалымжан Өтенбаевтың айтуынша, әртүрлі әлеуметтік санаттар бойынша биыл 1605 баспана берілмек. Оның 54-і ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім балаларға, 476-сы көпбалалы жанұяларға, 218-і халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына және 857 баспана жұмыс істейтін жастарға берілуі тиіс. Қазіргі уақытта тиісті құжаттамалар дайындалуда. Биылғы жылдың ортасына қарай жоспарда тұрған баспаналардың барлығын үлестіріліп беріледі.
Кейінгі жылдары іске асырылып жатқан реновация бағдарламасы кқпшілік арасында қолдау тапқаны рас. Бұл бағдарлама аясында аппаттық жағдайда тұрған үйлер сүріледі де, оның орнына мемлекеттік бағдарламалар бойынша көппәтерлі баспаналар салынады. Тозығы жетіп, ескірген баспаналарды түбегейлі жаңартатын реновация үрдісі Шымкент өңірінде де іске асырылады. Шымкент аумағында апатты жағдайда тұрған тозған 107 баспана бар. Олардың 56-сы Абай ауданында, 43-і Әл-Фараби ауданында, 8-і Еңбекші ауданындаорналасқан. Бұлардың барлығы реновация бағдарламасына қосылған. Реновация бағдарламасын инвесторлардың көмегімен іске асыру көзделіп отыр.
«Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына инвесторлар келіп қызығушылып танытуда. Инвесторлардың қызығушылықтары бойынша ұсыныс әзірледі. Аталған корпорацияға тозығы жетіп ескірген 107 баспананы мекенжайларымен қоса бердік. Ол мекеме инвесторларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Инвесторлар қызығушылық танытқан жер туралы сұрастырып, біздің басқармаға да келіп жатыр. Біз де өз кезегімізде оларға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі уақытта бізде тозығы жетіп ескірген екі қабатты үйлер бар. Соларды сүріп, орнына көппәтерлі баспана салуды ұсынудамыз», - деді Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысы Ғалымжан Өтенбаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтың өмір сүру сапасын арттырудың басты жолы – қолжетімді, сапалы баспанамен қамтамасыз ету» деген болатын.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының негізгі мақсаты – халықтың тұрмысын, жағдайын жақсарту дейтін болсақ, аталған жоба арқылы көптен бері шешілмей келе жатқан мәселелер басты нысанаға алынып отыр. Ұлттық жоба аясында халыққа тұрғын үй қолжетімділігін арттыру бойынша Шымкентте бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын байқадық. Жоғарыда аталған жоспарлар уақытылы орындалатын болса, баспана іздеп сабылған халық саны да азаятын еді.