$ 494.87  520.65  4.91

Министр жұмыс берушілерден жалақыны көтеруді сұрады

Министр еңбек мәселелерінде жұмысшы мен жұмыс беруші арасында баланс болуы керек екенін атап өтті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жұмыс берушілерден әлемдік инфляцияны ескере отырып, жалақыны көтеруді сұрады, деп хабарлайды Sputnik.kz.

Министр еңбек мәселелерінде жұмысшы мен жұмыс беруші арасында баланс болуы керек екенін атап өтті.

Шәпкенов жұмыс берушілер азық-түлік, қызметтер мен тауарлардың әжептәуір қымбаттағанын ескеріп, қол астындағы қызметкерлерінің жалақысын көтеруі керек деп санайды.

«Барлық кәсіпкерлік субъектісі мен жұмыс берушіге айтарым: егер мүмкіндік болса, өз қызметкерлеріңізге қолдау көрсетіп, айлығын көтеріңіздер», — деді еңбек министрі сенат кулуарында.

Сондай-ақ, Шәпкенов жыл сайын әкімдіктер қала құраушы кәсіпорындармен меморандум бекітетінін еске салды. Нәтижесінде кәсіпорындар жұмысшыларды қысқартпауға және еңбекақыны 5-тен 10%-ке дейін индексациялауға міндеттеледі.

Бұған қоса, министр қазақстандық жұмысшыларға үндеу жасады. Ол қызметкерлерді еңбек дауы туындаған жағдайда Еңбек кодексі аясында әрекет етуге және өз құқығын қорғауға шақырды.

«Егер жұмысшылардың жұмыс берушіге талап-арызы болса, онда жұмыс беруші бітістіру-келісу комиссиясын құрып, мәселелерді талқылайды. Комиссияға сәйкес шешім қабылданады. Егер әлдекім комиссиямен келіспесе, еңбек арбитражы құрылады. Ол жерге еңбек инспекторлары қатысады», — деп түсіндірді ведомство басшысы еңбек дауларын реттеудің заңнамалық тетігін.

Ұлттық банктің мәліметінше, инфляция құрылымында азық-түлік бағасы жылдық мәнде – 9,9%-ке, азық-түлік емес тауарлар – 8,5%-ке, ақылы қызметтер 6,8%-ке көтерілген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары