01.04.2022, 15:40

100 миллионға салынған веложол алты айдан кейін үгітіліп қалды

Қазір үгітіліп қалған жерлер реттеліп жатыр.

Шымкентте 100 миллионға салынған веложол қызу талқыға түсті. Ол пайдалануға берілгеннен кейін алты ай өткен соң үгітіліп қалды. Жергілікті тұрғындар жаңа спорт жолын «жауынгерлік алаң» деп атаған.

КТК арнасының хабарлауынша, бұл жолмен велосипедтерге ғана емес, жаяу жүргіншіге де жүру қауіпті. 700 метрге жуық жер үгітіліп қалған.

Веложол жаңбырдың суына төтеп бере алмаса керек. Көрші ықшамауданға кәріз жүргізіп жатқан құрылыс компаниясы асфальт астындағы бос жерлерді жабуға тырыспаған да. Ал енді олар барлығын өз қаражатына қалпына келтіруі керек.

«Қазір үгітіліп қалған жерлер реттеліп жатыр. Тағы да бәрі демонтаждалып, нығыздалады. Мұнымен кәріз желілерін жүргізген «Энсаф» серіктестігі айналысады. Барлық жұмыстар солардың есебінен жүргізілетін болады. Спорт жолын салған «Береке» серіктестігі ешқандай жауапкершілік көтермейді. Барлығы «Энсафтың» кінәсінен болды, оны қалпына келтіруі керек» деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.

orda.kz