РОП операторы жинаған барлық утиль алым төлемдерінен шамамен 25 млрд теңгені Қазақстандағы жалғыз автоқоқыс өңдеу зауыты RecyclingCompany алды. Бұл зауыт Әлия Назарбаеваға тиесілі екені белгілі.
1 сәуірде Антикор РОП Операторының бұрынғы директорының ұсталғанын хабарлады. Оған 13 млрд теңгені жымқырды деген айып тағылып отыр.
PROTENGE басылымының хабарлауынша, экс-директор ескі көліктерді қайта өңдеуге кететін шығынды асыра бағалап, бұл ақшаны RecyclingCompany компаниясына заңсыз аударған.
Еске салсақ, бұған дейін Әділет министрі Назарбаевтар отбасы қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын айтқан.
Сондай-ақ, басылымның ұсынған мәліметіне сәйкес, заңда үкімет утиль алымын РОП операторының иесі алады деп жазылған. Яғни, бұл оның міндеті емес, құқығы. Алайда, 2015 жылы үкімет ештеңе түсіндірместен, РОП операторы жеке компанияға тиесілі деп шешім шығарды. Құжатқа қазір қамауда отырған, сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов қол қойған.
Еске салсақ, Кәрім Мәсімов мемлекетке опасыздық жасады және билікті басып алмақ болды деген күдікке ілінген.