04.04.2022, 17:20

Біртанов бюджет қаржысын жымқыруға кедергі келтірген бе? (ВИДЕО)

Оның айтуынша, бюджеттік қаржыны жымқыру бірнеше схема арқылы жүзеге асқан болып шықты.

Біртановтың қорғаушысы дәрі-дәрмекке бөлінген мемлекет қаржысын жымқырудың жолдарын ашып берді, деп жазды turkystan.kz сайты.

Елжан Біртановтың қорғаушысы Дмитрий Куряченко журналистерге берген жазбаша сұхбатында еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінде орын алған жемқорлыққа байланысты біраз мәселелердің бетін ашты. Оның айтуынша, бюджеттік қаржыны жымқыру бірнеше схема арқылы жүзеге асқан болып шықты.

«Бірінші схема: ауруханалар, емханалар және диспансерлер арқылы емделушілердің саны мен дәрілік заттардың көлемімен манипуляциялау. Ауруханаларда жыл сайынғы жоспарлау және сатып алу өткен жылғы науқастардың саны мен дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың көлемі бойынша жүзеге асырылады. «СК-Фармация» АҚ-да дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға жоспарланған өтінімдердің санын асыра бағалау арқылы бұл өтініштер кейіннен шындығында жоқ пациенттер үшін немесе олар қабылдауы тиіс дәрілік заттарды іс жүзінде алмаған пациенттер үшін есептен шығарылады. Нәтижесінде, көлеңкелі дәріхана нарығына ауруханалардан дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың үлкен көлемі әкелінуде», – деп жазды заңгер.

Мәселен, жүргізілген тексерістер нәтижесінде 2018 жылы бір ауруханада бюджетті игеру үшін бір айда емделген науқастардың 40 пайызы сол аурухананың қызметкерлері болып шыққаны анықталды. Алайда, бірыңғай электронды платформаны енгізгеннен кейін, емделушілерге тағайындалған дәрілердің тізімін, қабылдауда болған-болмағанын арнайы органдар да, пациенттердің  жеке өздері де тексере алатын болды. Осының нәтижесінде, бюджеттік қаржыны 23,5 млрд теңге көлемінде үнемдеуге мүмкін болды.

«Екінші схема: орталықтандырылған сатып алулар үшін Денсаулық сақтау министрлігінде тіркеуден өткен кезде дәрі-дәрмектің қымбат бағамен берілуі. Алайда, 2018 жылдан бастап Біртановтың бұйрығымен бағаны тіркеу тәртібі анықтамалық елдердегі бағаларды салыстыру негізінде өзгертілді. Одан кейін бағалар кең көлемде мамандардың қатысуымен Денсаулық сақтау министрлігінің Формулярлық комиссиясында көпшілік талқыланып, бекітілді. 2018-2020 жылдар аралығында Формулярлық комиссияның барлық отырыстары онлайн көрсетілді», – деп мәлімдеді Куряченко.

Қаржыны жымқырудың үшінші жолы, әдеттегідей, елімізде кең тараған тендердегі жемқорлық көрінісі.

«Үшінші схема: СК-Фармация тендерлерінде жеткізушілердің сөз байласуы. Дегенмен, 2018 жылдан бастап біз конкурстық комиссияның отырыстарын трансляциялауды бастадық, ал 2019 жылдан бастап біз Қаржы министрлігінің сайтындағы электрондық сатып алуларға толықтай көштік, бұл тендер кезінде сөз байласуды іс жүзінде жойды. Нәтижесінде, 2018 жылдан бастап көптеген тауарларды сатып алу бағасы тіркеу кезінде де, ашық тендерде де айтарлықтай төмендеді. Жалпы алғанда, тек 2018 жылдың өзінде жалпы үнемдеу, шамамен, 50 миллиард теңгеге жетті», – деді қорғаушы.

Журналистің ойынша, Елжан Біртановтың сотталуы кездейсоқ емес болуы мүмкін. Егер оның енгізген электронды бақылау платформасы қазіргі кезде жұмыс істейтін болса, Қазақстандағы миллиардтаған байлықты жымқырып отырған фармацевтикалық мафияның көзі жойылуы мүмкін бе еді деген сұрақпен құзырлы органдарға ресми сауал жолдады.

Ақпаратты толығырақ төмендегі бейнежазбадан көруге болады.