Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігіне "Кселл" АҚ-ның 24% сату жөніндегі мәміленің нәтижесінде мемлекетке келтірілген ықтимал залал мәселесін зерделеу ұсынылды
Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет жанындағы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның отырысын өткізді.
Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сөз сөйлеп, "Қазақтелеком" АҚ телекоммуникациялық қызмет нарығында тіркелген байланыс қызметі бойынша 80%-тен астам және мобильді байланыс бойынша 60%-тен астам үлесі бар монополист екендігін атап өтті, деп хабарлайды sputnik.kz.
"Қазақтелеком" АҚ-ға тауарларды цифрлық таңбалау нарығының 100% үлесі, фискалдық деректер операторлары нарығында 78%, Деректерді өңдеу орталықтары нарығында 55%, ақылы теледидар қызметтері нарығында 33% үлес, барлық радиожиіліктердің 75% тиесілі.
"Кселл" және "Теле2" компанияларының бірігуі кезінде олардың желілерін оңтайландыру және біріктіру есебінен оң нәтижеге қол жеткізу мақсаты қойылғанын атап өткен жөн, бұл көрсетілетін телекоммуникациялық қызметтердің сапасын арттыруға тиіс еді. Алайда 3 жыл ішінде мобильді байланыс операторларының желілері біріктірілмеді", - деп атап өтті Мусин.
Оның шешімі ретінде министр компаниялар тобының мобильді операторларының бірін бәсекелі нарыққа шығару арқылы "Қазақтелеком" АҚ компаниялар тобын демонополизациялауды ұсынды.
Премьер-министр Әлихан Смайылов министрлікке "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-мен бірлесіп, осы мәселе бойынша бір апта ішінде ұсыныс енгізуді тапсырды.
Сондай-ақ бүгінде шағын операторларда кабельдік кәрізге қол жеткізу және өздерінің байланыс желілерін жүргізу кезінде қиындықтар туындап отыр, себебі кабельдік кәріздің негізгі бөлігіне "Қазақтелеком" АҚ иелік етеді. Осылайша "Қазақтелеком" АҚ "соңғы миль" ретінде халыққа қолжетімді интернет қызметтерін ұсынуға дайын орта және шағын провайдерлердің дамуын шектей алады.
Мәселені шешу үшін цифрлық даму министрлігі электронды өтінім беруді және қызмет көрсетуден бас тарту негіздерінің нақты тізбесін айқындай отырып, заңнамалық тұрғыдан бірқатар түзетуді қарастыруды ұсынады.
Бұған қоса, негізсіз бас тартуға байланысты шағымдар түскен жағдайда, "Мемлекеттік радиожиілік қызметі" РМК-ға техникалық аудит жүргізуге уәкілеттік беру қажет, оның нәтижесі бойынша талапты бұзу фактілері анықталған жағдайда уәкілетті орган ұйғарым шығаруға құқылы болады.
Сонымен қатар кабельдік кәріз бойынша қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқаны үшін операторға әкімшілік жауапкершілікті күшейту ұсынылады. Сондай-ақ жекелеген ірі байланыс операторлары орта және шағын интернет-провайдерлердің дамуына ынталы емес, оларға тиімсіз шарттарды ұсынады. Дилерлік шарттың тиімсіз талаптарының салдарынан "Қазақтелеком" АҚ интернеттің орта және шағын провайдерлерін дамытуды ынталандыруға кедергі келтіретін фактілер бар. Бұл телекоммуникациялық нарықтың дамуына және халыққа телекоммуникациялық қызметтерді қолжетімді етуге теріс әсерін тигізеді.
Шағын байланыс операторлары үшін ауылдарда "Қазақтелеком" АҚ және "Транстелеком" АҚ желілеріне қосылу ақысын заңнамалық түрде реттеу және электр бағаналары бойынша желілерді жүргізу үшін шағын операторларға жағдай жасау аталған проблеманы шешуге мүмкіндік береді.
Ұлттық ресурста заңнамалық түрде айқындалған радиожиілік спектрін ұсынуға қатысты аукциондық тетік жүргізу ұсынылды, бұл жиіліктерді бөлудің ашықтығын, сондай-ақ тиімсіз пайдаланылатын радиожиіліктерді айыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында бүгінгі таңда бос жиіліктер жоқ, ал берілген радиожиіліктердің басым бөлігі "Қазақтелеком" АҚ тобында орналасқан. Ал бұл нарықта жаңа "ойыншылардың" пайда болуына мүмкіндік бермейді. Байланыс сапасын бақылау тетігін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар аясында мониторинг күшейтіліп, сапасыз қызметтер көрсеткені үшін салынатын айыппұл сомасы 100-ден 1000 АЕК-ке дейін ұлғайтылады", - дейді министр.
Сонымен қатар комиссия отырысында Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігіне "Кселл" АҚ 24% сату жөніндегі мәміленің нәтижесінде мемлекетке келтірілген ықтимал залал мәселесін зерделеу ұсынылды. Сондай-ақ клиенттердің фискалдық деректері туралы мәліметтерді жинау, өңдеу және салық органына беру жөніндегі қызметті жүзеге асыру мәселесі қаралды. Фискалдық деректер операторы болу үшін халықаралық және қалааралық байланыс операторының лицензиясы болуы керек. Мұндай лицензиялар, мысалы, Қазақтелеком мен Транстелекомда бар. Осылайша кішігірім операторлар жоғарыда аталған компанияларға лицензия үшін ақы төлеуге мәжбүр, бұл нарықты бәсекелестік жағдайда дамытуға мүмкіндік бермейді.
Комиссия отырысында осы лицензиялық шарттардың болуын міндетті етуді алып тастау ұсынылды, бұл операторлық қызметтердің бәсекелі нарығын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Деректерді өңдеу орталықтары үшін инженерлік инфрақұрылымға қатысты "Транстелеком" АҚ тарифтерінің негізділігіне талдау жүргізу, сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың ұзаққа созылуына байланысты Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Каспий теңізінің түбінде талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жөніндегі үкіметаралық келісім шеңберінде айқындалған "Транстелеком" АҚ-ның эксклюзивті құқығын шектеу жөніндегі жұмысты жалғастыру ұсынылды.
Смайылов цифрлық даму министрлігіне аталған бірлескен жоба аясында қазақстандық операторды ауыстыру бойынша Әзербайжан тарапымен келіссөз жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар комиссия отырысында "Транстелеком" АҚ үлестерін жеке тұлғаларға сату салдарына, сондай-ақ иеліктен айыру кезінде мемлекетке келтірілетін ықтимал залалға талдау жүргізу ұсынылды.