06.04.2022, 21:41

Назарбаевтың немересінің «Транстелеком» үлесін сатып алуы заңға қайшы келмей ме?

«Транстелеком» АҚ-ның негізгі акционері Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен немересі – Нұрәлі Әлиев.

Шенеуніктер телекоммуникация саласын ретке келтіруге шындап кірісетін сияқты. Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия отырысында еліміздегі тіркелген және ұялы байланыстың иеленген үлесі туралы мәселе қаралды.

«Қазақтелеком» АҚ тіркелген байланыс нарығында 80 пайыздан астам және ұялы байланыс нарығында 60 пайыздан астам үлесі бар телекоммуникация қызметтері нарығында монополист болып табылады.

«Kcell мен Tele2 біріктіру кезінде олардың желілерін оңтайландыру және біріктіру арқылы оң нәтижеге қол жеткізу мақсаты қойылды. Бұл көрсетілетін телекоммуникация қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Алайда 3 жылдан бері ұялы байланыс операторларының желілерін біріктіру жүзеге асырылмай келеді» делінген премьер-министрдің сайтында.

Шешім ретінде топтың ұялы байланыс операторларының бірін бәсекелес нарыққа шығару ұсынылды.

Байланыс сапасын бақылау тетігін жетілдіру бойынша ұсыныстар аясында мониторинг күшейтіліп, сапасыз қызмет көрсеткені үшін айыппұл мөлшері 100-ден 1000 АЕК-ке дейін өседі.

Комиссия отырысында Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігіне «Кселл» АҚ-ның 24 пайызын сату жөніндегі мәміле нәтижесінде мемлекетке келтірілуі мүмкін залал мәселесін зерделеу ұсынылды.

Сонымен қатар, комиссия отырысында «Транстелеком» АҚ акцияларының жеке тұлғаларға сатылуын,иеліктен шығару кезінде мемлекетке келтірілуі мүмкін залалды талдауға ұсыныс жасалды.

Айта кетсек, «Транстелеком» АҚ-ның негізгі акционері Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен немересі – Нұрәлі Әлиев.

«Транстелеком» АҚ-ның мәліметтерді өңдеу орталықтарының инженерлік инфрақұрылымына қатысты тарифтерінің негізділігіне талдау жасау, сондай-ақ «Транстелеком» АҚ-ның Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы үкіметаралық келісімде айқындалған айрықша құқығын алып тастау бойынша жұмысты жалғастыру ұсынылды.

Әлихан Смайылов ICRIAP-қа жоғарыда аталған бірлескен жоба аясында қазақстандық операторды ауыстыру бойынша әзірбайжандық тараппен келіссөздер жүргізуді тапсырды.

orda.kz