$ 494.87  520.65  4.91

«Ауылға бөлінген 2 миллиард теңге қайда?»: Көкшетау тұрғындары әкімнен жұмсалған қаржының есебін талап етті

Сонда да Көкшетау әкімі саспады.

Көкшетаудың іргесіндегі Красный яр ауылының тұрғындары әкімнен 2020 жылы "Ауыл ел бесігі" жобасы аясында елдімекенді өркендетуге бөлінген қыруар қаржының есебін сұрады. Тұрғындар округ қарайтын Көкшетау қаласы әкімінің есептік кездесуіне келіп, әр тиынның қайда жұмсалғанын айтуды талап етті. Сөздерінше, қаражат мақсатты игерілмеген. Өйткені ауылдағы тозған жол, сапасыз жарық, ауыз су мен жылудың мәселесі әлі күнге шешілмеген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат gjhnfks 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.

Көкшетау әкімі Бауыржан Ғайса қала іргесіндегі Красный Яр ауылының тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстары туралы халыққа есеп берді. Қолындағы баяндамасынан сандарды оқып, елді мекендерді дамытып жатқанын айтты. Бірақ әкімнің мұндай жиыны ауыл тұрғындарының көңілінен шыға қоймады. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінген ауылдарының тек сөз жүзінде ғана өркендеп, іс жүзінде көштен қалғанын алға тартты. Қомақты қаражаттың игілігін көрмедік деген халық шенеуніктер жұмысты тек қағаз жүзінде орындайды деп сынға алды. 

Тұрғындардың айтуынша, 12 мыңнан астам адам қоныстанған Красный Ярда шешілмеген мәселе көп. Сонда да Көкшетау әкімі саспады. Мәселен, бірнеше миллиард теңгеге салынған жылу қазандығының қуаты тұтынушыларға жетпей отыр деген басшы халыққа пеш жағуға кеңес берді. 

"Бұл қазандықтағы ақша шығысы 300 миллиард. Ал түсетін ақша 40 миллион. Содан біз қалай жұмыс істейміз? Сіз маған айтыңыз. Қазандыққа жөндеу жұмысын жүргізетін ақша жоқ. Шыдаңыздар, өздеріңізде пеш бар жағатын", - деді Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса.

Құрғақ есептен мардымды жауап алмаған тұрғындар қыстай жылуға жарымаймыз, көктем-күзде толарсақтан саз кешеміз дейді. 

"Ақша бөлінеді. Красный яр енді күшті керемет болады. Бүкіл жолды жөндеп, тротуар саламыз. Жол шетіне жарық орнатылады деді. Біз соны күттік. Ол ақша қайда кетті білмеймін", - деді Красный яр ауылының тұрғыны Сәуле Нұрғалиева.

Ал ауылдық округ әкімі 2020 жылы "Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасымен бөлінген 2 миллард теңгеге жуық қаржы мәселені түбегейлі шешуге жетпеді деп ақталды. 

"Жолдардың жөндеу жұмыстарына 826 миллион, жылу құбырларын жүргізуге 900 миллион, Мәдениет үйін жөндеуге 208 миллион теңге бөлінген. Ол жұмыс екі жыл бойы атқарылды. Жалпы барлық жұмыстар қабылданды. Бәрі жақсы істелді. Сапалы", - дейді Красный яр ауылдық округының әкімі Ардақ Тасқынбай.

Жұмыстар сапалы болса, күнде су іздеп жүрірмейтін едік дейді тұрғындар. Халық күнделікті ауыз суды көлікпен тасып ішіп отыр екен. Дегенмен ауыл әкімі биыл облыс бюджетінен елдімекенді абаттандыруға тағы 390 миллион теңге қаржы бөлінетінін жеткізді. Тұрғындар бұл қаражат тек есепте емес, шынайы ел игілігіне жұмсалса деп ниеттерін білдірді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары