Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Геннадий Головкинді туған күнімен құттықтап, жеделхат жолдады, - деп хабарлады Ақорда.
Әуесқой және кәсіпқой бокстағы мансабыңызда өзіңізді бірегей спортшы ретінде таныттыңыз. Деңгейі өте жоғары жарыстарда еліміздің намысын абыроймен қорғадыңыз, сондай-ақ Қазақстандағы және әлемдегі көптеген бокс жанкүйеріне қуаныш, жарқын көңіл күй сыйладыңыз. Табиғи талантыңыз бен еңбексүйгіштік қасиетіңіз спорт саласында зор жетістіктерге жетуге ықпал етті. Жастарымызға үлгі болдыңыз. Сіздің отандық бокстың дамуына үлкен үлес қоса беретініңізге сенімдімін, – деп жазылған Президенттің құттықтау жеделхатында.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшының шаршы алаңда ертең өтетін кезекті жекпе-жегінде жеңіске жетуіне тілектестік білдірді.
Бүгін - әлемге әйгілі боксшы, бокстан WBA/IBF/WBC нұсқалары бойынша орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің туған күні, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Геннадий Головкин 1982 жылы Қарағандыда туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі және спорт факультетін бітірген (2003). 2003 жылдан бері – «Астана батыры» жекпе-жек клубы» МКҚК-да бокс жөніндегі нұсқаушы – спортшы.
Universum Box Promotion мүшесі (Неміс кәсіби клубы, 2006). Ол ҚР біріншілігінің жеңімпазы (2000-2002); ҚР I спартакиадасының чемпионы; жастар арасындағы әлем чемпионы (2000); Шығыс Азия ойындарының чемпионы (2001); Азия ойындарының чемпионы (Оңтүстік Корея, Пусан, 2002); жеке сынақ бойынша Әлем кубогының чемпионы (2002); әлем чемпионы (2003); «А» класты турнирлердің бірнеше мәрте жеңімпазы.
75 кг дейінгі салмақта әлем чемпионы (Бангкок, Тайланд, 2003); Олимпиада ойындарының 75 кг дейінгі салмақтағы күміс жүлдегері (Афина, Грекия, 2004); «А» класы турнирлерінің көп мәрте жеңімпазы. Кәсіпқой бокста WBO нұсқасы бойынша «Интерконтиненталь» чемпиондық титулының иегері (2010).
Геннадий Головкин – орта салмақта (73 кг) WBA, IBO және WBC нұсқалары бойынша әлем чемпионы болды. Осы уақытқа дейін ол 43 рет жекпе-жек өткізіп, оның 36-сын нокаутпен, бір рет тең және бір рет жеңіліспен аяқтады. GGG-нің жалғыз жеңілісіне мексикалық Сауль Альварес себеп болды. ҚР спорт шебері (2000). Халықаралық кластағы спорт шебері (2002). Бокстан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері (2003). «Құрмет» орденімен марапатталған.
«Мен қырыққа келемін, өзімді керемет сезінемін. Қашанға дейін жұдырықтасамын? Күшім сарқылғанша. Жекпе-жектерге өзім үйренген деңгейде дайындалуға шама келгенше. Спортта ұзақ жүруімнің сыры неде? Жаман әдеттердің жоқтығы», - дейді Геннадий Головкин.
Айта кетейік, Головкин өзінің 44-жекпе-жегін 9 сәуірде WBA Super нұсқасы бойынша әлем чемпионы жапондық Риота Муратамен (16-2, 13 КО) кездесуде өткізеді.