Түркістан облысындағы тас жолда Ресейден Тәжікстанға бет алған ауыр жүк көлігі өртеніп кетті. Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, оқиға түнгі сағат 21:00 шамасында болған.
Бәйдібек аудандық полиция бөліміне Самара-Шымкент тасжолының 73-шақырымында, яғни Жиенқұм ауылының маңында жүк көлігінің жанып жатқаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына барған тергеу тобы алғашқы көмек көрсетіп, мән-жайды анықтапты. "Аталған жайт Бәйдібек аудандық полиция бөлімінде тіркелді.
Қазіргі таңда полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтау үстінде. Әзірге, тәжікстандық азаматтың басқаруындағы "Вольво" маркалы ауыр жүк көлігінің тіркеме баллоны тұтанғаны белгілі болды. Өрт дер кезінде өшірілмегендіктен тұрмыстық техникасымен бірге толықтай жанып кеткен", – делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Материалдық залал келгенімен, адам шығыны жоқ. Жүргізуші өзімен бірге көліктің құжаттарын алып үлгерген.
Stan.kz