Ақтөбеде карантин кезінде ауруханада маска тағудан бас тартқан әйел медициналық мекеменің басшылығы мен медбикені сотқа берді. Тұрғын емхана қызметкерлерінің мұндай талабы оның құқықтарын шектейтінін алға тартқан, деп хабарлайды жергілікті “Диапазон” басылымы.
Ақтөбелік әйелдің айтуынша, дәрігерлер егер маска тақпаса, оны емдемейтінін жеткізген. Дегенмен, ақ халаттылардың өздері маскасыз жүрген. Науқас демікпеге байланысты бетперде кие алмай, емханадағы оқиғадан кейін жекеменшік ауруханаға баруға мәжбүр болған.
Өз кезегінде емхана басшылығы әйел ауруханаға түскен кезде карантиндік режим болғандықтан бетперде тағу талап етілгенін мәлімдеген. Олар науқастың шағымдарын мойындамай, тұрғынның өзін кінәлайды. Сөздерінше, науқас ережеге бағынбай, оған қоса агрессивтілік танытқан. Соған байланысты полиция шақыруға тура келіпті. Сотта медбике бетперде тағуды сұрағанын, бірақ медициналық қызмет көрсетуден бас тартпағанын түсіндірді.
Сот емхана мен медбикенің пайдасына шешім шығарды. Медицина қызметкерінің бетперде режимін сақтау талабы ең алдымен денсаулықты, соның ішінде пациенттің өзін де сақтауға бағытталған. Ал емханадағы жанжал кезінде науқастың өзі демікпемен ауырғаны туралы ешқандай құжат бермеген. Ол бұл диагнозбен дәрігердің қорытындысын тек сотта көрсеткен. Осыған орай сот емханаға жүгінген кезде оның құқықтары шектелмеді деп танып, талаптарын қанағаттандырудан бас тартты.