Қаржы пирамидасына алдандып деп, ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында өзін өртеп жіберген әйел ақтық хатында полиция департаментінің өкілін кінәлайды, деп хабарлайды Stan.kz.
Бағила Досмайылованың денесінің көп бөлігін күйік шалған. Атышулы Mudarabaһ Capital қаржы пирамидасына 20 миллион теңгесін санап берген келіншек алаяқтыққа қатысты тергеудің созылғанына қапалы.
Екі баласы бар отбасылы келіншек қазір жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр.
Бағила Досмайылова қаржы пирамидасына салған 20 миллион теңгесін қайтара алмай жүрген ана тергеудің әділ жүруін талап етіп ішкі істер министрлігіне келген. Ақыры бұл жерде ешкіммен тілдесе алмасын білген соң, 32 жастағы келіншек үстіне бензин құйып от қойған.
Алданған бір топ адам осыдан 11 ай бұрын Алматы полиция департаментіне арыз жазыпты. Олар Mudarabaһ Capital қаржы пирамидасына салған миллиондарын қайтарып беруді талап етуде. Алайда тергеудің әділ жүріп жатқанына сенбейді. "Менің өліміме полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов кінәлі" деп, Бағиланың ақтық хат жазуына да осы себеп.
"Істі аяғына дейін жеткізбедіңіздер" дегенге: "қайда барсаңдар онда барыңдар, бәрібір маған келеді". "Жабамыз, осы істен құтыламын" деп айтылған болатын.Сондықтан біз жедел билет алып астанаға ұшып келдік. Әділдік іздеп келіп отырмыз”, – дейді Mudarabaһ Capital салымшысы Айжан.
Салымшылар өзін "жәбірленуші" деп танымады деп қапалы. Дегенмен Алматы қаласының полиция департаменті тергеудің жүріп жатқанын жеткізді. 12 айыпталушыдан қазір жауап алынып жатыр екен.
“Қылмыстық іс бойынша 14 адам күдікті болып танылды. Оларға айып тағылды. 14 адамның екеуі қашып жүр. Халықаралық іздеу жарияланды. Өздеріңіз білесіздер, елімізге танымал азаматтар да бар, скүдіктілер арасында. Олар азаматтарды үгітнасихат жүргізу арқылы осы қаржы пирамидасына қатысуға үгіттеген”, – дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Жарнамасын қатырып тұрып жұртты үгіттеген — танымал блогерлер. Бірақ Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов "Өзіміз де жәбірленушіміз, алдандық" деп жауапкершілік алудан бас тартып отыр. Азим Саидбаев деген үшіншісі із суытып үлгерген. Бұлардың бәрі жауапкершіліктен жалтармауға тиіс деп есептейді депутаттар. Тек құзырлы органдар өз оқырманын алдайтын вайнер, блогерлерді қылмыстық іске тартпайтынына таң қалады.
“2019 жылдан бастап осындай ұйымдарды жарнамалағаны үшін төрт адамға әкімшілік айыппұл салынған. Алдайда бір ғана "Ломбард24" пирамидасын оннан астам танымал адам жарнамалағанын білеміз”, – дейді мәжіліс депутаты Юрий Ли.
Mudarabaһ Capital қаржы пирамидасына 162 салымшы бес миллиардқа жуық қаржы жинап берген. Олардың өндірген бес теңгесі жоқ. Арасында 183 миллион теңгесін ойланбастан санап бергендер де бар екен. Бәрі 5-9 пайыз табыс көремін деп алданған. Ал Бағиланы өлімге итермелеген жағдайдан кейін істі ішкі істер министрлігі өз қарауына алатын болыпты.
Айта кетейік, наразылық акциясы кезінде Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында әйел өз үстіне сұйықтық құйып, өртеп жіберген. Оған жанында тұрған полиция инспекторлары көмек көрсетті.