$ 494.87  520.65  4.91

Елімізде тағы бір жоғарғы оқу орнының жұмысы тоқтатылды

Дипломның жарамсыздығына байланысты қиындықтарды болдырмау үшін студенттер қазірден бастап басқа ЖОО-ға ауыса алады.

Орталық Қазақстан академиясының жұмысы тоқтатылды. Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті тексеру жүргізіп, оқу ордасынан көптеген заң бұзушылықты анықтаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма басшысы Эльвира Сапарбекова Орталық Қазақстан академиясында сабақтар толық көлемде жүргізілмегенін, оқытушылар қойылған талаптарға сәйкес келмегенін мәлімдеді.

Оның сөзінше, оқытушылардың білімі мен ғылыми дәрежесі оқытылатын пәндерге сәйкес келмеген, оқу процесі практикалық оқытушылармен, қажетті оқу әдебиеттерімен қамтамасыз етілмеген.

"Сонымен қатар университетте сапаны қамтамасыз етудің ішкі жүйесі болмаған, соның салдарынан білім бөлімінің қорытындысы бойынша академияның кадрларды даярлаудың алты бағытының студенттері шекті балл жинай алмаған.

Одан бөлек, тиісті білім беру бағдарламасын меңгеру үшін қажетті пәндерді қайта тапсыруда бұзушылықтар анықталды. Аралық бақылауды тапсыру кезінде университет прокторинг жүйесін қолданбаған.

Сондай-ақ жұмыс берушілердің білім беру бағдарламаларының рейтингін талдау, академияның оқу бағдарламаларының басым бөлігі жаңартылмағанын және еңбек нарығы мен жұмыс берушілердің сұранысына сай келмейтінін көрсетті. Сондықтан мамандықтың көпшілігі студенттер арасында сұранысқа ие болмай, тек 1-ден 5 адамға дейін ғана оқыған", - дейді ол.

Айта кетейік, ЖОО қызметінің ережесіне сәйкес студенттер университет лицензиясының қолданылуы тоқтатылған немесе қайтарып алынған сәттен бастап оқуын жалғастыру үшін басқа ЖОО-ға ауысуға құқылы.

"Дипломның жарамсыздығына байланысты қиындықтарды болдырмау үшін студенттер қазірден бастап басқа ЖОО-ға ауыса алады", - дейді Эльвира Сапарбекова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары