ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі Данияр Қадыров ведомство Қазақстан заңдары бұзылмаған жағдайда әлеуметтік желілерді бұғаттамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Вице-министр қазір министрлік осы мәселе бойынша Facebook, Instagram, TikTok, VKontakte сияқты ірі халықаралық әлеуметтік желілермен жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
"Ірі халықаралық интернет-ресурстарда баланы кибербуллингтен қорғау керек деген түсінік бар. Олардың соны қадағалайтын өздерінің қауіпсіздік қызметтері де бар", - деді Данияр Қадыров
Ведомство өкілі заң жобасы аясында әлеуметтік желілерге қатысты жазалау әдісі қолданылмайтынын атап өтті.
"Қазақстан заңдары бұзылмаса, бірде-бір әлеуметтік желі бұғатталмайды. Бұл тек осы заң жобасымен реттелмейді – Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңы, Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы» заңдары бар. Жабу туралы мүлде сөз болып жатқан жоқ", - деді Данияр Қадыров
Сенаттың жалпы отырысында депутаттар балаларды кибербуллингтен қорғау туралы резонанс тудырған заң жобасын қарап, екі оқылымнан кейін мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.