Тараз қаласындағы абақтыда жазасын өтеп жатқан адамдардың туыстары азаптауды тоқтату туралы талап қойды. 158/4 түзеу мекемесінің алдына жиналған сотталған азаматтардың жақындары ұрып-соғуға, азаптауға шыдамағандардың өзіне қол жұмсау фактісі жиілеп кеткенін айтады.
Бәәрі іште қорлық көріп жатыр. Азаптауға шыдамай қасық жұтып, өзіне қол жұмсап жатқандар бар, - дейді жазасын өтеушінің туысы Бибігүл Қожанова.
Ал, Надежда Мусиленка ұлын түрмеге жапқалы қысымнан көз ашпағанын айтады. Сол үшін ұлы бірнеше күннен бері аштық жариялап, ас-судан бас тартқан.
«Мекеме басшылығы ауысқалы түрмеде тәртіп жоқ. Қызметкерлер жабылып сотталғандарды аяусыз ұрып соғады. Жәбірленгендердің арасында менің балам да бар. Қазір ұлым өзіне аштық жариялаған», - дейді жазасын өтеушінің анасы.
158/4 мекемесінің бастығы Ерлан Тоқанов түрмедегі азаматтардың туыстарының талабына «күн жаумай су болғанның кері» деп жауап берді. Сондай-ақ, түрмедегі тәртіп сақшылары сотталушыларды соққыға жыққан болса, құқықтық тұрғыда қудаланатынын айтты.
Мекеме басшысы жыл басынан бері түрме қызметкерлерінің араша түсуімен өзіне қол жұмсаған 8 адамды аман алып қалғанын жеткізді.
«Қазір қасық жұтатын адамдар жоқ. Біздің мекемеде қызметкерлер сотталғандарға ешқандай қысым жасап жатқан жоқ және жасамайды да», - дейді.
Тоқановтың пікірінше, өзіне қол жұмсайтындардың дені түрме тәртібін елемейтіндер екен.
«Бағынуды талап етсең «өзімді өлтірем» деп қорқытады, Оның үстіне соңғы кезде сотталғандардың әлеуметтік желіде негізсіз шағымдануы әдетке айналып барады», - деді мекеме бастығы.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде Тараз түрмесінде жазасын өтеушілердің үндеуі тарады. Оннан аса сотталушы азаптауға шыдамай, аштық жариялаған еді.