Алматыда синтетикалық есірткінің ірі партиясы тәркіленді. Бұл туралы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, Алматы қаласының 27 жастағы тұрғынынан психотроптық зат салынған 23 бума тәркіленді.
"Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар психотроптық "мефедрон" екені анықталды. Патрульдік полиция инспекторлары Түркістан облысының тумасын ұстады. Патрульдік полиция қызметкерлері тыйым салынған препараттар бар-жоғын сұрағанда, ер адам қолында есірткі бар екенін бірден мойындады", - деді Әуезов ауданы полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.
Оның сөзінше, күдікті 23 дозаны Әуезов ауданында таратуды жоспарлаған.
Тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде есірткі мен ірі көлемде ақша табылды.
Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.