Қызылорда облысында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылысы аяқталуға жақын. Енді оған 21 елді мекенді қосу міндеті тұр, деп хабарлайды Skifnews.kz.
— Осылайша тұрғындардың 70 пайызын газбен қамтамасыз ететін боламыз. 2013 жылы барлық қажетті құжаттар әзірленді. Қазіргі кезде өңірлік даму министрлігімен құрылысты қаржыландырудың мәселелері қарастырылуда. Елдімекендерді газдандырудың мәселелерін қарқынды шешу үшін «ҚазТрансГазАймақ» компаниясымен 4 ауданның орталықтарын - Арал қаласын, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттерін, сонымен қатар Байқоңыр қаласын газдандыру жөнінде келісімге қол жеткіздік, — деді облыстық мәслихаттың ХХІХ сессиясында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.
Қызылорда облысының әкімдігі мәлімдегендей, аталған елдімекендердің өзінде облыс халқының 23 пайызы немесе 170 мыңға жуық адам тұрады. Газдандыру жұмыстары көп ұзамай басталады. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» желісінен 5 газ құбыры тармағы және кентішілік газ бөлу желісі, АГРС (газ тарату стансасы) салынатын болады.
Аймақ инфрақұрылымын дамытуға «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы барлығы 23 млрд. теңге тікелей инвестиция салады.