Депутат Дархан Мыңбай Қажымұқан Мұңайтпасұлына арналған кешенге 511 млн теңге таба алмау салтымызға сын екенін айтып, Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовқа кешенге қаржы бөлу жөнінде сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Бүкіл ғұмырын қазақ спортына арнаған, қазақты әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасұлын біздікілер жіті біле ме екен? Тани ма екен? Ол экономист, бизнесмен болмады. Қорды да басқармады. Алайда жалғыз өзі бір ұшаққа қаржы жинап, Отанға үлес қосты. Сол кісіге арналған кешенге бәріміз қосылып, 511 млн теңге таба алмауымыз – елдігімізге, әруақ сыйлаған салтымызға сын емес пе? Былтыр 150 жылдығына бітіреміз деген кешен құрылысы тоқтап тұр. Оның үстіне балуан атындағы кешен қазақ спортының тарихына арналуы керек еді. Батыс Қытай – Батыс Еуропа күре жолында өзінің зираты тұр. Соның алдындағы борышымызды орындауға қалай қарар екен? Намысты биік ұстау үшін! Осыған не деп жауап бересіз», - деді депутат Дархан Мыңбай.
Алайда Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов мұндай қаржыны келесі жылы қамтуға тырысатынын айтты.
«Бұл сұраққа келер болсақ, шынында да бұл өзекті мәселе. Біз бюджетті қалыптастыру кезінде келесі жылы осы сұрақты қамтуға тырысамыз. Өкінішке қарай, бюджеттің биылғы мүмкіндігі көтерілген мәселелердің бәрін қамтуға жеткіліксіз. «Ауыл - ел бесігі» жобасына да. Тиісті құжаттарды айқындау кезінде жергілікті атқарушы органдармен осы мәселелерді реттеуге тырысамыз», - деді ол.