24.04.2022, 17:03

Екібастұзда жөнделмеген жол үшін 7 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

Материал сотқа жіберілді.

Екібастұзда жолдардағы заң бұзушылық үшін лауазымды тұлғалар жазаланды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Қалалық полицейлер Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық өкілдерімен бірлесіп, автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін, жол құрылыстарын күтіп ұстау жағдайларын тексерді. 

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру нәтижесінде 46 ақау анықталып, оларды жоюға ұйғарым шығарылған. Сонымен қатар 3 мыңға жуық жол белгісі орнатылды, 132 жаяу жүргіншілер өткелі жабдықталды, оның 9-ы реттелген, 123-і реттелмеген.

«Жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа да жол құрылыстарын күтіп ұстау ережелерін бұзғаны үшін 7 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Техникалық ақауы бар көлік құралдарын іске қосқаны үшін 16 лауазымды тұлға және басқару құқығы жоқ немесе жүргізу құқығынан айырылған жүргізушіге көлік құралын басқаруға рұқсат бергені үшін үш лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды» , - деді Екібастұз қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Төлеген Құдайбергенов. 

Бұдан басқа, бұзушылықтарды жою бойынша қабылданатын шаралар туралы ақпаратты уақытылы ұсынбағаны үшін бір ЖШС-ға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалған. Материал сотқа жіберілді.

Тегтер: Екібастұз