$ 494.87  520.65  4.91

«Достық-Мойынты» жобасы – Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол инфрақұрылымының даму көрінісі

Ол «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасына да енгізілді.

Қазақстан – транзиттік әлеуетті дамытуға мүдделі мемлекет. Жүктің көпшілік бөлігі теміржол арқылы жеткізілетіндіктен, теміржол инфрақұрылымын жаңарту және жетілдіру мәселесі кез-келген уақытта өзектілігін жоғалтқан емес. Сондай маңызды жобалардың бірі Достық-Мойынты теліміндегі екінші жол құрылысы туралы Skifnews.kz ақпарат порталының бүгінгі шолуында айтамыз.  

Транзиттік бағыттардың ішінде теміржолды дамыту мәселесі ерекше жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін елді дамытудың ұлттық жоспарларына сай көптеген жоба бар. Олардың арасында өткізу қабілеті шектеулі Достық - Мойынты транзиттік уческесіне баса назар аударылды. Былтыр екінші жолды салуға байланысты жобалық шешімдер өзгертілген болатын. Оны іске асыру Үкімет тарапынан қолдауға ие болды. Ол «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасына да енгізілді. Тіпті, жобаның қаржылық-экономикалық негіздемелері де әзірленіп қойды. Ұзындығы 870 км болатын Достық-Мойынты телімінде екінші жолдың құрылысы биыл басталмақ.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдегендей, Достық - Мойынты телімінде екінші жолды салу пойыздар қозғалысының жылдамдығын көбейтуге мүмкіндік бермек.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасына Достық-Мойынты теліміндегі екінші жолдың құрылысы енгізілді. Мұндағы мақсат - «Қытай - Еуропа - Қытай»  транзиттік дәлізі арқылы теміржол транзиттік тасымалдары кезінде Қазақстанның басымдығын сақтау», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Достық-Мойынты телімінде екінші жол салуды жүзеге асыру жүк тасымалының жылдамдығын арттырып қана қоймай, сонымен қатар өткізу қабілеттілігін он екіден алпыс жұп пойыздарына шейін  көбейтпек.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің  хабарлауынша,  «Достық-Мойынты» жобасының жүзеге асырылуы  ҚХР  мен Еуропа арасындағы транзиттік логистика көлемін, телімнің өткізу қабілетін 5 есеге дейін арттырады.

Сонымен қатар пойыздардың қозғалыс жылдамдығын бір тәулікте 1500 км-ға шейін арттыру үшін жағдайдың барлығы жасалып, өзге де аралас салалардың дамып, жақсаруына қосымша серпін бермек деп болжанып отыр. Құрылыс жұмысына 6 мыңға жуық адам тартылады.

Еске сала кетейік 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық деңгейде бәсекеге қабілетті болып қалу үшін теміржол әлеуетін ұлғайтуды тапсырған болатын.

«Жолдардың өткізу қабілеттілігін арттыруға тар жерлердің кеңейту қажет. Осыған қатысты Достық-Мойынты теміржол учаскесінің өткізу қабілеттілігін ұлғайту қажет, электр энергиясын көптеп енгізу керек», - деген болатын Мемлекет басшысы.  

Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуеті экономикалық өсімің басты драйверлерінің бірі екені белгілі. Ел дамуына серпін беретін транзиттік бағытты дамыту жүйесі Үкімет бекіткен Ұлттық жоба барысында жүзеге асырылмақ. Жүк логистикасы жылдамдығын арттыру, теміржолдарды жаңа талаптар бойынша жаңғырту барысында маңызды жұмыстар жүргізу үрдісі жалғасын табары сөзсіз. Қолға алынып отырған теміржол инфрақұрылымын дамыту шарасы елдің тразиттің әлеуетін жақсартуға қолалй жағдай жасап, экономикалық өсімге де ықпалын тигізеді.  

Жалпы алғанда, «Достық-Мойынты» жобасы – Қазақстан мен Қытай шекарасындағы теміржол инфрақұрылымының даму көрінісі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары