$ 449.58  486.94  4.86

Академиялық филармония 130 млн теңгеге рояль сатып алмақ болған

Антикордың араласуымен музыкалық аспаптың құны 86 млн теңгеге дейін төмендетілген.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы goszakup.gov.kz порталына мониторинг жүргізіп, 2022 жылға арналған мемлекеттік сатып алудың бекітілген жоспары бойынша бағаны көтеру фактілерін анықтады.

Мәселен, биыл 18 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік академиялық филармония» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны бекітілген жылдық жоспарына сәйкес (ашық конкурс) 129 464 285,72 теңгеге РОЯЛЬ музыкалық аспабын сатып алуды жоспарлаған.

Алайда, Қазақстан нарығында мемлекеттік мекеме сатып алмақ болған тауар құны 8 млн теңгеден басталып, 11 000 000 теңгеге дейін бағаланады екен.

«Тапсырыс беруші бюджет қаражатын оңтайлы және тиімді жұмсау қағидатын бұзды деп санаймыз. Осы себеппен 14 сәуірде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хат жолданды», - дейді «Әділдік жолы» РҚБ елордадағы филиалының басшысы Дархан Құлжамбеков.

18 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік мекемеге қатысты жауап беріп, РОЯЛЬ тауарын сатып алу құны 86 295 000 теңгеге дейін төмендетілгенін хабарлады. Яғни, музыкалық аспапты сатып алуға қатысты артық шығынға жол берілмей, 43 169 285 теңге көлеміндегі мемлекет қаражаты үнемделіп отыр.

Елордада мемлекеттік сатып алуға қатысты мұндай фактілер аз емес көрінеді. Осындай мәселелер бойынша Антикорға тағы 2 хат жолданған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары